1. Поезда
Плацкарт вагоны. Жол ұзақ, уақыт көп. Жолаушылар негізінен қазақтар. 3-4 жігіт топтасып карта ойнап отыр. Таза қазақша сөйлегендеріне қарағанда Оңтүстік аймақ тұрғындары, Павлодарда вахтамен жұмыс істейді. Ертеңгіге жұмыс жоспарларын құрып отыр, алатын жалақылары жөнінде сөз қозғап қояды. Вагонның бір түкпірінде сығандар отыр, оларды «гыр-гыр» деген буындарынан айыруға болады. Екі адам өзбекше сөйлесіп отыр. Жақын маңда еуропаша макияж жасаған, шаштарын сарыға бояған үш қыз әңгімелесіп отыр. Сөз сөйлегендерінен ұққаным: есімдері Айжана, Раушана, Кимбата. Тілдерінде бір қазақ сөзі естілмейді, орыс жастарының сленгі. Кейде боғауыз да кетіп қалады. Жерлестерім екенін бірден танып, ескерту айттым: « Қай мектепті бітірдіңдер? Қазақша неге сөйлемейсіңдер?» – дедім. «Мен №10 мектепті бітірдім», – деді Айжана. « Я закончила русскую школу №9 , между прочим, у меня в аттестате «по-казацкому» языку стоит «пятерка». Нам так удобно, поэтому разговариваем на русском. Вам какая разница?» – деп жауап қайтарды Кимбата деген қыз. Сыбағамды алып, абдырап қалдым. Неліктен қазағымыздың намысы елі, жері жоқ сығандардың намысынан кем болды деген сұрақ ащы запыран болып аузыма келіп тығылып қалды.
2. Бүгінгі қазақ тілінің жағдайы
Проблемаларымызды ашық көтермесек, олар шешілмейді. 2017 жыл – Алаш Орда Автономиясының жылы, құрылғанына 100 жыл толады. Қызыл империяның жүргізген қитұрқы саясатының нәтижесінде қазақ геноцидке ұшырап, халқымыздың жартысынан айрылдық. Ұлтымыздың тәуір деген бөлігі, нағыз бетке шығар «қаймағы» қуғындалып, жер аударылып, сотталып, атылып кетті. Басқа халықтарды Қазақстанға депортациялау, тың игеру науқанының салдарынан қазақтар өз елінде азшылыққа айналды. 1959 жылғы санақ бойынша қазақтардың үлесі өз отанында 30%- дан төмен түсіп кетті, Павлодарда –24%. Аллаға шүкір, бүгінде Қазақстанда қазақтар 67 % құрайды, орыстар – 19% . Мектепте қазақ тілінде оқитын балалардың саны артты, қазақ мектептері мен қазақ балабақшалар жыл санап көбеюде. Бүгінде қазақ мектептерін тәмамдаған түлектер кәсіптік, арнаулы орта оқу орындарында, университеттерде ана тілдерінде таңдаған мамандығын игере алады. Көшелерімізде ұлы тұлғаларымыздың ескерткіштері пайда болды. Бірақ ілгерілеу тым баяу. Қазақ тілі тек қағаз жүзінде мемлекеттік тіл болып тұр. Еліміздің тіл саясатына немқұрайлы қарайтын жоғары шенді шенеуніктер жиындарда сөзін қазақ тілінде бастайды, одан әрі үйреншікті әдетке басып, отаршылдық заманның тілінде жүйтки жөнеледі. Кейбір шенділердің жоғары мінберден бір ауыз қазақша сөйлегенін естімедік. Төменгі шенділер жоғары шенділерді айнымай қайталайды. Қарапайым халық атқамінерлерге қарап сап түзейді. Облысымызда мемлекеттік тілдің кенже қалуы шенділердің арында. Түсініксіз, неліктен шенеуніктеріміз қазақ тілін біле тұра, ана тілдерінде сөйлемейді? Кімнен қаймығады? Біз тәуелсіз қазақ мемлекетінде тұрып жатырмыз ғой. Әр облыста мемлекеттік тілді білмеушілерге арналған ілеспе аударма жасау құрылғылары бар, әр мекемеде аудармашылар қызмет етіп жатыр. Шенділеріміздің мемлекеттік тілді менсінбеуі, қазақ тілінде сөйлемеуі– «Тіл туралы заңды» сыйламағаны. «Тіл туралы заңды» бұзғандар неге жауапкершілікке тартылмайды? Біз бұрынғы метрополия тілін толық меңгерген халықпыз. Содан ба, қазақ тілінің қолданылуы тұрмыстық деңгейден аспай тұр. Қазақ мектебін, қазақ тілінде университет бітірген азаматтарымыз әлі де еңбек ұжымында өзара орысша сөйлеседі. «Орыс тілі «официальный» тіл ғой. Қазіргі жұмысшы орысша айтып, орысша боқтамасаң қазақша айытқанды түсінбейді», – деп ақталады билік басында жүрген қазақ мамандары. Қазақтілді ақпараттық кеңістік қалыптасып келе жатқан сияқты. Бірақ жастарымыз қазақ телебағдарламаларын көрмейді, ана тіліндегі газет- журнал, кітаптарды оқымайды, қазақ театрына бармайды. Қазақтарға лық толы автобус, трамвайлардың ішінен, қоғамдық орындарда бір ауыз қазақ сөзін естімейсің.Бір-бірімізді «мужчина», «женщина» деп атаймыз. Жүрегімізге жылы «ағай», «апай», «інішек», «қарындас», «бауырым» деген сөздерді неге қолданбаймыз? Намыстан жұрдай болғанымыз ба? Бұлардың бәрін дұрыс жолға сала алатын халқымызға қызмет істеп жүрген басшылар, әкімдер, депутаттар болу керек. Мәселеге немқұрайлы қарамай, алдымен өздері үлгі көрсетсін. Екі басшы бір-бірімен тек қазақша сөйлессін.
3. Сұрау нәтижесі
Жоғарыда айтылғандай 1959 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқының 30%-ын, Павлодар облысында 24%-ын ғана қазақтар құрады. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде демографиялық жағдай өзгерді. Бүгінде 18 млн. халқымыздың 67%-ын этникалық қазақтар құрайды, Павлодар облысында – 52%. «Темір шымылдық» ашылғаннан кейін нақты орыстар Ресейге, Германияға, Израильге көшіп кетті. Облысымызда 36% орыспыз деп жазылатындардың бәрі орыс емес. Олардың көпшілігі аралас некеден туғандар. Әрі қарай қазақтардың үлесінің өсу динамикасы байқалады. Қазақпыз дейтіндердің көпшілігі жастар, орыспыз дейтіндердің ішінде қарттар көбірек. Өз тарапымнан әр мезгілде таныстарымның арасында сұрау (опрос) жүргіздім. Әңгіме барысында «Сенің ұлтың кім?» деген сұраққа респонденттер төмендегідей жауап берді. Кейбіреулерінің аты-жөні өзгертілген. 1. Калакша Юрий. Меня в школе все обзывали «польский пан», «польский пан»... Поэтому при получение паспорта записался «русским» .
2. Клименко Валерий. Мои родители украинцы, меня сверстники называли «хохлом» или «бандерой». Чтобы избавится от этих кликух записался «русским».
3. Жумабаева Надежда. Мен «шор» қызымын, ол Алтай өлкесінде тұратын қазаққа ұқсас халық. Алтай өлкесі – Ресей, сондықтан паспортымда «орыс» деп жазылдым.
4. Ланг Владимир. Во мне нет ничего немецкого, надоело мне слышать слово «фашист». Потому пишусь «русский».
5. Артур Акопян. Лицом я не похож на «казаха», поэтому – «русский».
6. Терентьев Юрий. Никто не поймет слов « крещенный татарин» . Уезжаю с женой на Украину, буду «украинцем» .
7. Гирич Александр. Я белорус, меня обзывали «бульбашом». Мои предки «литвины». Русским быть престижно.
8. Татьяна. Я – казачка. Мои предки болгары и турки. При получение паспорта я назвалась «казачкой» – записали «русская».
9. Нагорная Лариса. Мои родители украинцы. Мой первый муж белорус, второй муж казах. Я сама не знаю, почему я по паспорту «русская »?
Ресейде оқыған жастардың ішінде Батыс Еуропаға, АҚШ-қа көшу үрдісі байқалады. Орыстар оны «утечко умов» деп атайды. Кері кеткен табиғи өсімді түзету үшін Ресей билігі КСРО кеңістігінен жастарды өздеріне тарту әрекеттерін жасап жатыр. Қазақстанда жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуда, Ресейге барып оқимыз деген мектеп түлектеріне әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған, кездесулер ұйымдастырып, түлектердің арасында үгіт - насихат жұмысын жүргізуде. Жеткен нәтижелері баршылық: облысымыздағы көптеген орыстілділердің балалары Омбы, Барнаул, Екатеринбург, Новосібір, Томск қалаларынан оқуды тәмамдап, Ресейде қалып жатыр. Сұрауға мынандай жауап бергендері болды.
1. Гаврилин Илья . Я чистокровный русский. Мой старший сын закончил лицей №3, живет и работает в России. Второй – заканчивает школу, тоже собирается в Россию. Мне здесь комфортно, никак не решусь на переезд.
2. Селиканов Костя. Мои родители казахи, бабушка по отцу «русская» . Переехал в Казахстан по настоянию родителей. Не хочу быть «казахом», уеду обратно в Россию.
Этникалық тиістілігін анықтағандар да болды.
1. Оздоев Алихан. Ни я, ни мои дети никогда не запишутся «русскими». Горжусь тем, что я чеченец .
2. Тарама Валентин. Грек всегда будет греком, иначе не может быть. Слишком велик вклад наших предков в мировую цивилизацию.
3. Пан Анатолий. Язык мой – русский. «Русским» мне быть не позволяет память о тысячах корейцев загубленных при депортации из Дальнего Востока в Казахстан.
Респонденттердің ішінде «қазақ» болғысы келетіндер де табылды.
1. Чебан Сергей. Менің әкем молдаван. Паспортта «қазақпын» деп жазыламын, өйткені қазақ тілінен басқа тіл білмеймін.
2. Вахтеров Иван. Мои родители чуваши. Не знал что чуваши и казахи народы одной языковой группы. Иначе в паспорте я записался бы «казахом».
3. Камардин Владимир. Моя жена с дочерью переехали в Россию. Я не могу уехать отсюда, у меня казахская душа. Вторично женился на казашке.
Жан-тәнімен Қазақстанды сүйіп, азаматтық үшін күресіп, еліне оралғандарды ерекше атап өту керек.
1. Раиса Васильевна. Бұл құжат бойынша. Үйде мен – Ырыстымын , әкемнің аты – Бәри. Мен Алтай өлкесінің тумасымын. Онда ЗАГС -та қазақ атымен «туу туралы куәлік» бермейді . Есімің міндетті түрде «Перечень русских имен и фамилий» кітабының ішінде болу керек. Сондықтан бәріміз екі атпен жүреміз.
2. Икласова Қатира. Біздің үйде тек қыздар ғана болды. Есейе бастағанда әкем бізге «Қазақстанға кетіңдер, тұрмыс құрыңдар, ұрпақтар жібі үзіліп қалады» дегенді жиі-жиі айта беретін болды. Әкем айтуын қоймағасын, Қазақстанға оқуға түсіп, мамандық игердім. Қазаққа тұрмысқа шықтым, балалы-шағалы болдым. Әкем риза болды.
3. Сапархан Манайхан. Монғолияда біз жақсы тұрдық. Ешкім біздің құқұғымызды шектеген жоқ. Малымызды өсірдік, театрымызға бардық, құдайымызға сыйындық, мешітімізді салдық. Мен сұмынның дарғысы болдым ( госхоздың директоры). Баян –Өлгийде арамызда бірен-саран монғолдар тұрды. Олардың бәрі қазақша сөйлейтін. Өйткені қазақты монғолдар өздерінің туысы деп санайды. Қиялымызда Қазақстанды жұмақтай, Алматыны жұмақтың төріндей көретінбіз. Бәріміз құлағымызды түріп қазақ радиосын тыңдайтынбыз. Қазақстанның жетістіктеріне қуанып, кемшіліктеріне кәдімгідей ренжитінбіз. Қазақстанның газет, журналдарын жаздырып алып, оқитынбыз. 1991 жылы Монғолия кириллицадан өздерінің бұрынғы тибет графикасына көшті. Мектеп тибет графикасына көшкендіктен балаларымыз, кейінгі ұрпақ шекара артындағы тарихи Отанымыз Қазақстаннан ажырап қала ма деп қорықтық. Аруақ, сосын ұрпақ алдындағы борыш бізді қоныс аударуға жетеледі. 39 отбасын Қазақстанға басқарып алып келген менің бауырым, Монғолияның Еңбек Ері, Жанайхан. 1992 жылы Харьков ауыл округіндегі бос қалған Қараой жұртына көшіп келдік. Аңсаған Қазақстанымызға жетіп, жеке ауыл болып, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Малдарымыздың бәрі Монғолияда қалды, оларды ветеринар инспекциясы шекарадан өткізбеді. Қоныс аударушылар көп болғандықтан, Монғолияда мал бағасы құнсызданып кетті, бір жылқыға бір жейде де бермейтін. Қазақстанды дағдарыс қаулаған кез еді. Әр үйге бір сиыр мен бес меринос тоқты берді. Жұмыс жоқ, табыс жоқ. Азын-аулақ мемлекеттің беретін жәрдем ақысымен күн көрдік. Өз басым Монғолиядан бір малды сойып етін кептіріп әкелген едім, соны көжеледік. Қараойда тұрып, құртқа қарап қалдық, нанды сирек жеп, шай мен қантты үнемдеген кездеріміз есімізде. «Тоя жесең тон кетер, тарта жесең тай қалар» ,– деген данышпан халқымыз. Мемлекет берген малды жемей, төлін өсіріп, бүгінгі халге жеттік. Халқыма рахмет, басшы да, шаруа да бізді құшақ жая қарсы алып, дұрыс ақылын беріп, көмегін бізден аямады. Аллаға шүкір, қандай қиындықты өткерсек те, өз қолымыз өз аузымызға жететін күнге жеттік. Немерелеріміз 40 шақырым жердегі аудан орталығы Ақтоғай ауылында интернатта жатып оқыды. Сондай қиындықпен мектепті тәмамдаған балаларымыздың алды универститет бітіріп, өмірдегі өз орнындарын тапты. Кейбіреулері диссертация қорғап, ғылыми атақ алып, жоғары оқу орындарында ұстаз болып жүр. Мен жинаған ақшама Павлодар қаласынан үй сатып алдым, балаларым мен немерелерім Астанада, Алматыда, Ақтоғай мен Ақсу аудандарында тұрып жатыр. Бүгінгі тұрмысымызға ризамыз, ұрпақтарымызды тарихи Отанына жеткіздік. Айта кету керек, күлкілі жағдай, Монғолияда «қазақ» атанушы едік, Қазақстанға келгелі «моңғол» атандық.
Сұрау нәтижесі бойынша «космополиттер» де табылды.
1. Ахметов Мурат. По документам я казах. Но ни я, не мои дети родного казахского языка не знают. Кто виноват? Среда меня так воспитала. Язык не был востребован.
2. Хабибуллин Сергей. У меня нет национальности. Зачем вообще в удостоверении такая графа нужна. Нигде в мире токого нет. Я – гражданин Казахстана, не хочу быть гражданином другой Великой Страны.
Жанға ең қонымдысы, Қазақстанды Отаным деп жан-тәнімен сүйетіндер де арамызда бар екен.
3. Кригер Александр. Менің әкем бала күнінде Поволжьеден жер аударылыпты. Депортацияға ұшыраған немістерді қазақ ауылы түсіністікпен қарсы алып, жау деп шеттетпепті. Барлық мүлкінен, жол бойы туыстарынан айрылып, арып келген немістерге жергілікті қазақтар шама-шарқы келгенше көмек көрсетіпті. Әкем есейіп, үй болғанда қазақтың барлық салт-дәстүрлерін қабылдаған адам болды, соғымға жылқы сойып, ауылдағы той, жабдық, «омыртқадан» қалмайтын. Барлық жеті баласы қазақтармен некеге тұрды. Олардың ішінде мен де бармын. Университетті қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша тәмамдап, диссертация қорғап, ғылым кандидаты атағына ие болдым. Ұстаздық жұмысымда қазақша білмейтін, қазақ тілін шала білетін жастарды көріп таң қаламын. Қазақтарды орыстандыру саясаты шегіне жеткен екен. Балаларын ана тілінен айырған ата-аналарының намысы қайда? Мен өз басым ешқайда көшетін ойым жоқ. Менің Отаным – Қазақстан. Пікірімді айта кетейін, қазақ тілін білу –этникалық түп тамырына қарамай, барлық Қазақстанның азаматтарының қасиетті міндеті. Қазақ тілін үйрену қиын деген жай сылтау. Тәжірибе көрсетіп отыр, шет елден келген іскер адамдар Қазақстанға келіп, үш ай ішінде тілді меңгеріп алып жүр.
Сұрауға қатысқандардың ішінде Павлодардың қонақтары да болды.
1. Мұрат, Нүкіс қаласы. Өзбектерді өз ағамыз десе де, онша ұната қоймаймын. Оларға қарағанда орыс әділ деп ойлаймын. Рас, өзбектердің арасында достарым бар. Балаларым есейгесін Қазақстанға көшіп келемін.
2. Гейдебрехт Яков. В Германии люди живут хорошо, особенно коренные жители. В Казахстане мы просто существовали. Сожалею что с нами судьба так жестоко распорядилась. Чего мы только не натерпелись: депортация в товарняках, холод и смерть близких нам людей, унижение и нищету. Спосибо нашим казахским братьям за поддержку в трудные годины. Дай бог, чтобы не было войны.
3. Асмус Жайнат. Күйеуім неміс болғандықтан, Германияға көшіп кеттік. Германия маған қатты ұнайды. Халқы еңбексүйгіш, мәдениетті, қайрымды. Мен дүкеннің меңгерушісі болып еңбек етемін. «Қазақ» деген сөзді ол елде білмейді. Мені «түрік» деп атайды. Күйеуім Павлодарға қайтып келгісі келеді, менің келгім келмейді. Себебі Германияда тұрмыс деңгейі өте жоғары.
4. Шарипов Талғат. Орынбор облысы. Мен Қазақстанға бармаймын. Жизнью довольны. Не надо нам ни дорогой одежды, ни мебели, ни богатства. Все на тот свет не унесешь. Вы куркули, все копите и копите – не насытитесь. У нас интернационал: казахи, русские, татары, башкиры. Ходим друг к другу в гости, пьем брагу, радуемся жизни. Өмір қысқа ғой – қамшының сабындай.
5. Айша, ҚХР азаматы. Қытай қазақтарының бәрі Қазақстанға келгісі келеді. Бірақ бұл өте қиын мәселе, шешімі жоқ жұмбақ сияқты. Екі мемлекеттің заңдары бір-біріне қайшы келеді. Біз ханзулармен (қытайлармен) аралас некеге отырғымыз келмейді, өйткені олар мұсылман емес. Мемлекет ханзумен некеге тұрғандарды қолдайды, лауазым, баспана береді. Саясаткерлер қазақты ұйғыр бауырларымызға қарсы қойюға тырысады
Әңгімеге тартқандардың бәрі қазақ тілін білеміз немесе түсінеміз деп жауап берді. Бірақ Павлодар облысында қазақ тілінде сөйлейтін қажеттілік туған жоқ деді. Басым көпшілігі Қазақстанды өз Отаны санайтындарын айтты.
4. «Тіл туралы заң» неге орындалмайды?
Орыс тілінде «мотивация» деген сөз бар, қажеттілік туғызу, уәждеме, ынталандыру. Мемлекеттік тілдің Конституцияға сәйкес өз тұғырына көтерілу үшін, орысша айтқанда, «мотивация» жетпей тұр. «Тіл туралы заң» қабылданды, орыс сыныптарында қазақ тілі сабақтары көбейді, қазақ тілін дамытуға жауапты лауазым тағайындалды, бюджеттен тіл дамытуға қаражат бөлінеді, насихат жүргізіледі. Бұлардың бәрі жақсы шаралар сияқты, бірақ көш қозғалғаны білінбейді. Қазақ емес азаматтарымыз бұрын да қазақ тілін білмейтін, қазір де қажет деп санамайды. Неге? Мотивация жоқ.
5. Конституция жаңа, тәрбие ескіше
Ұлы Ресей мен Қытай көршілес елдер болғандықтан достық қарым- қатынас өте қажет, сауда-саттық та керек. Өткен заманда бұл көршілеріміздің түркі- моңғол халықтарына жасаған қиянаты көп. Тарихты жадта сақтап, заманға сай халықаралық қатынастарды құру – әр мемлекеттің міндеті. Көршілерден аларымыз да, үйренеріміз де көп. Бірақ алпауыт мемлекеттердің құшағына (одағына) кіре беру өте қауіпті. Тәуелсіздігімізден айрылып, жұтылып кетуіміз мүмкін. Ресей экранынан «Мемлекеттік шекара» кинофильмдер жинағы түспейді. Бұл кинофильмдердің басты идеясы: Ұлы Державаны, жан пида болса да, қорғау, шекараның артында тұрғандардың бәрі Державаның жауы, шекараның бер жағында да жаулар жеткілікті және оларды құрту жолдары. Фильмдер адамзатты екі бөлікке бөледі: «біздікілер», қалғандары – «жаулар». Ресейдің көп фильмдерінде «біздікілер» ақылды, данышпан, әділ, батыр, супермен болып көрсетіледі, ал «жаулар» ақымақ, арамза, қорқақ, олақ болып шығады. Демократиямыз, көптараптылығымыз, толеранттылығымыз қайда қалды? Әрине, мұндай кинофильмдер Ресей халқын ұлыдержавалық шовинизмге тәрбиелейді, халықаралық оқшаулауға (изоляцияға) әкеледі. Біз– Кеңес заманында тәрбиеленіп өскен буынбыз. Кеңес заманында әдебиет, тарих, тәрбие партиялық сипатта болатын. Қоғамда бірінші орынға коммунистік патриотизм, мемлекетшілдік, ұлы орыс рухы қойылатын. Бүгінгі Ресей КСРО-ның тікелей мұрагері. Соңғы Конституция бойынша құндылықтар өзгеріп, алдыңғы орынға адам, оның денсаулығы, құқығы мен бостандығы қойылса да, 74 жыл қалыптасқан стереотиптер ресейліктердің санасында әлі тірі. Ресейліктердің көпшілігі ұлы Кеңес Одағын немесе Ұлы Ресей империясын қалпына келтіруді көксейді. Приднестровьедегі жағдай соның куәсі. Халықтың үштен бірін құрайтын орыс переселендері Ресей әскерлерінің көмегімен Приднестровьені Молдованың негізгі бөлігінен ажыратып тұр.
Павлодар облысының қазақтарының көзқарасы Ресей азаматтарының көзқарасынан алыс кеткен жоқ. 25 жыл тәуелсіз елде тұрып жатсақ та қалыптасып қалған русоцентристік көзқарас өзгермеді. Қазақтар өз ана тілінен гөрі «ұлы» Лениннің, коммунизмнің тілін көбірек сыйлайды.
6. Үш тұғырлы мектепке қарсы емеспіз
Биыл менің бір немерем 1 қазақ сыныбына барды. Жаңалық, орыс тілі бірінші сыныптан бастап оқытылатын болыпты. Үйде қазақша сөйлегенімен, орыс тіліндегі анимациялық фильмдерден нәрленген сәбилер мектепте, аулада 2-3 баланың басы қосылса, орысша сөйлейтін болды. Қазақ қайда бара жатыр? Біз топтасып болмаған халықпыз, консолидация біткен жоқ. Орыстың тілін енгізу – отаршылдық заманға қайта оралу, халқымызды Ресей ақпараттық кеңістігіне итермелеу. Одан әрі орыс тілін тыққыштау– бірігіп болмаған халқымызды екіге жару. Павлодар өңірі– шекаралық облыс, орыстілділер басым аймаққа айналып келеді.
Қандай да мемлекеттің тәуелсіздігі, тұрақтылығы туралы қалыптасқан біртілділігіне, тәуелсіз ортақ ақпараттық кеңістігіне қарап айтуға болады. Аңыз бойынша, құрылысшылардың ортақ тілі болмағандықтан, Вавилон мұнарасы салынбай қалыпты. Әрине, елде үштілді, көптілді полиглоттардың болғаны игі. Бірақ үш тілді меңгеру барлық адамдардың қолынан келе бермейді. Үштілді мектептер болсын, еліміздің білім беру нарығына қатынассын, бірақ, балалар оған өз еркімен, ата-аналарының қалауымен бару керек. Үштілді қазақ-түрік лицейлеріне, дарынды балалар, Назарбаев зияткерлік мектептеріне тест сүзгісінен өтпей, кез келген бала оқуға түсе бермейді. Мыңнан бірі ғана түсе алады. Бұл мектептерге қабылданған балалардың бәрі ойдағыдай оқып, үш тілді бірдей жақсы меңгеріп кетпейді. Үлгерімі төмендер де, оқудан шығып қалатындар да болады. Тілді меңгеру оңай болса, біртілді мектептерде оқушылардың бәрі қазақ тілін немесе орыс тілін неге үздік оқымайды? Оқушылардың басым бөлігі ана тілі сабағын «орташа» деген бағаға оқиды, үлгермейтіндері де табылады. 25 жылда бір қазақ тілін меңгере алмаған халқымыз, толығымен үш тілді меңгеріп алады дегенге сену қиын. Қос тілді немесе үш тілді мемлекет құрып алғанның өзінде, ортақ қазақ тілді тәуелсіз ақпараттық кеңістік құрып алмай, толық егемендікке жете алмаймыз. Қазақстан – Еуразиялық Одақтың мүшесі, Ресейдің басты одақтасы. Қандай дос болсақ та, Ресей мен Қазақстанның арасында қайшылықтар толып жатыр. Айдан анық, метрополия мен бұрынғы отардың мүдделері ешқашан түйіскен емес, салт-дәстүрлеріміз де әр түрлі. Тарихи уақиғаларды да өзімізше пайымдаймыз. Мысалы: Ресей батыр санайтын Ермак – біз үшін қанішер, Ресей жау санайтын Украина – біз үшін бауырлас мемлекет. Халқымыздың бір бөлігі Ресей ақпараттық кеңістігінен нәрленсе, екінші бөлігі Қазақстан ақпараттық кеңістігін пайдаланса, не боламыз? Өз-өзімізбен келіспей, қырлысып, Қазақстанның өзі бөлініп кетуі мүмкін. Әрі қарай бәрімізге қымбат тәуелсіздігімізден айрылып қалу қатері тұр.
7.Қазақтың орыстілділері
Отаршылдық заманда орыс тілін білу – уақыттың талабы, әр қазақтың міндеті болатын. Әр павлодарлықтың есінде, орыс жерлестеріміз бізді мақтаған болып, Оңтүстікте тұратын бауырларымызға тілін тигізетін. «Мамбеты», «южане тупые, по - русски не понимают», «спекулянты», «они почти узбеки» деген сипаттамаларды талай естігенбіз. Біз ол сөздерге сеніп, жанымыз қалғанша орысша сөйлеп, Күнгейде тұратын бауырларымызды бірге жамандасып, олардан мықты екенімізді дәлелдеуге тырысатынбыз. Ширек ғасыр тәуелсіз елде өмір сүрсек те, сол баяғы жаман әдет санамызда әлі де сақталуда.
Кезінде Коммунистік партия көсемдерінің бірі Леонид Брежнев былай деген: «На пути строительства коммунизма важнейшей задачей является создание новой исторической общности – советский народ, говорящей на русском языке». Бұл бағытта Кеңес Одағы недәуір жетістіктерге жетті. КСРО құрамында болған көптеген ұсақ халықтар ассимиляцияға ұшырап, тілдерінен айрылып жұтылып кетті. Орыс баласын мемлекеттік тілдегі мектепте оқытса қуанамыз. Қазақ баласын жанында орналасқан қазақ мектебіне бермей, орыс мектебіне беруін қалай түсінуге болады? Қазақстан халқының бір бөлігі «орыстілділер» деп атала бастады. Өкінішке орай олардың арасында этникалық қазақтар да бар. Солтүстік аймақ тұрғындары толығымен Ресей БАҚ – ынан ауызданады. Қазақстан газет-журналдарын оқымайды, қазақ телебағдарламаларын көрмейді, өз ара тек орыс тілінде сөйлеседі. Балалары орыс мектептерінде оқиды. Мектеп бітірген түлектер Ресей оқу орындарына түсіп, бітіргеннен кейін сол жерде қалып қояды.
Бүгінде ана тілімізді өгей баланың күнін кештіріп, бұрынғы метрополия тілінде сөйлеуіміз құлдық психологияның санамызға терең сіңіп кеткенін білдіреді, ана тілімізге деген опасыздық болады.
8. Ағылшын тілі– ұлтаралық қатынас тілі
Ағылшын тілі керек-ақ. Ағылшын тілі– халықаралық, ұлтаралық қатынас тілі, ғылым, мәдениет, техника, спорт тілі. Қытайға, араб елдеріне, Ресейге, Кореяға, Африкаға, әлемнің қай түкпіріне барсаң да бұл тілсіз жергілікті халықпен, шенеуніктермен тілдесе алмайсың. Халқымыздың көпшілігі шет елге шықпақ түгілі өз елімізді де араламайды. Ондай адамдарға ағылшын тілінің керегі шамалы. Қажет болса, әр адам ақылы курстар, факультативтер, репетиторлар, сөздіктер, компьютер арқылы ағылшын тілін меңгеріп, керек деңгейінде қолдана алады. Көптеген студенттер жазғы каникул айларында тілді үйрену үшін АҚШ-қа барып шартпен еңбек етеді. Өркениет тілін меңгеруге асықсақ – ертерек кириллицаның орнына латын әліпбиін енгізейік.
Ресейден үлгі алар жерлер бар. Әр ірі қалада ағылшын мектептері бар. Ата-аналар өз қалауымен балаларын осы мектепке бере алады. Қалталы ресейліктер шама-шарқына қарай балаларын оқуға Батыс Еуропа, АҚШ мектептеріне жібереді. Шет елдерге кетеміз дегендер мектепте ағылшын тілін оқымай- ақ шет елге шығып, ағылшын тілін меңгеріп, мамандық игеріп, еңбек етіп жатыр. Мысалға әйгілі, боксшымыз Г. Головкинді ағылшын мектебінде оқымай-ақ, ағылшын тілінде интервью бергенде аузы - аузына жұқпайды. Павлодар өңірінің ауыл аймағында ағылшын тілін оқымаған Молдакаримов Самат деген жерлесіміз АҚШ –қа барып, ағылшын тілін меңгеріп, Сан- Диего қаласында ғылыммен айналысып жүр.
9. Сырт көзбен қарағанда
Ресей теледидарынан мынандай мағлұмат алуға болады. Александр І заманында Барклай -де -Толли құрып кеткен сыртқы барлау қызметі 200 жыл мүлтіксіз қызмет етуде. Бұл қызмет жұмысы жөнінде, жұмсаған қаржылары туралы ешкімге есеп бермейді. Ресейдің бүгінгі шекарасына жетуіне, жеңістеріне сыртқы барлау қызметі көп үлес қосты. Орталық Азияны жаулау ісінде де барлаушылардың еңбегі зор болды. Ресейдің І және ІІ Отан соғысы жылдарында Наполлен мен Гитлердің айналасында да орыстардың сенімді барлаушылары болғаны белгілі. Ресейге ең жақын ел болып Украина саналатын. Ресей қанша жасырғанмен Украинаның тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар гетман Петр Сагайдачный, гетман Иван Мазепа, Степан Бандераның, Орталық Раданың жетекшілерінің есімдері украин халқының жадында. Украинадағы билік дағдарысын пайдаланып, Ресей көптен көз тігіп жүрген Қырымды 30 мың «жасыл адамдардың» көмегімен аннексиялады. Ешқандай жаңалық ашылған жоқ, Адольф Гитлердің Аустрияны «аншлюс» қылған сценариін дәлме-дәл қайталады. Көптен жүргізілген ақпараттық агрессияның арқасында, агентура мен орыстілділердің көмегімен Шығыс Украина қирандыға айналдырылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының «шекара өзгертілмейді» деген қағидасы, 1994 жылғы Будапешт Меморандумы, ТМД-ның құжаттары аяққа басылды. Донецк пен Луганскіде Мәскеу агенттері жергілікті орыстілділерге сүйеніп, «бейбіт әрекет» желеуін жамылып, жергілікті билік ошақтарын басып алды. Киевтен нұсқау болмағандықтан, жергілікті билік қолдарындағы бар құзыры мен қаруды қолданбастан, «бейбіт наразылық» атын бүркенген бүлікшілерден регион түгілі өздерін де қорғай алмады. Жанжал қызи бастағанда, 2014 жылдың мамыр айында, Мәскеуден дайындап қойған жаңа «премьер- министр» Александр Бородай, «қорғаныс министрі» Игорь Гиркин (Стрелков) жедел жеткізілді. Ресейдің ашып тастаған шекарасынан ағылып «демалысқа шыққан» әскерилер, «еріктілер» (жалдандылар), соңғы үлгідегі қару-жарақ эшелондап келе бастады. Сөйтіп, Шығыс Украина өрті әлі де ұласып жатқан, жаңа соғыс ошағына айналды. Әуелде жанжал араға ши тығудан басталған: Батыс – ұлтшылдар, бандералар, Шығыс – құқығы шектелген орыстілділер.
10.Сақтықта қорлық жоқ
Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақтың мүшесі, Ресейдің одақтасы саналады. Сонда да Ресей саясаткерлерінің ішінде қазақ жеріне көз тігіп жүргендер аз емес. Тәуелсіздік келмегенде қазақ халқы құрып кетудің аз-ақ алдында болды. Санасына құлдық психология терең сіңіп кеткен кейбір қазақтар егемендік, тәуелсіздік деген ұғымдарды қабылдағысы келмеді. Ресей журналистеріне сенсек 1992 жылы Павлодар облысының қазақ жігіті Б. Елцинге хат жолдапты. «Мы утратили родной язык, забыли обычаи и традиции казахского народа, в нас живет русский дух. Поэтому просим Вас снова присоединить нас в состав России», –депті . Бұл әлде өтірік, әлде шын. Тәуелсіздігіміздің бастауында, 1992 жылы 5 солтүстік облыстардың депутаттары Қазақстанның құрамында Орыс автономиясын құрамыз деп әрекет жасағандары белгілі. Шығыс Қазақстан облысында 1999 жылы В. Казимирчук бастаған 22 адамның жасаған бүлікті ұмытпайық. Орыстың шовинист жазушысы А. Солженицын қалдырып кеткен өсиетіне еліктейтін адамдар көрші елде әлі де бар. Олардың ішінде Мемлекеттік Думаның спикерінің орынбасары В. Жириновский, жазушы А. Проханов т.б. Ресейді бұрынғы КСРО –ның шекарасына дейінгі қалпына келтіру керек деп жиі айтады. Келешекте Украинадағы болған жағдай Қазақстанда қайталанбасына кім кепіл бере алады? Қазақстанда да Ресейдің агентурасы бар. Біз «орыстілділерміз» деп мақтанышпен айтатындар, олардың ішінде қазақ тілінде сөйлемейтін этникалық қазақтар да бар. Елбасы бастап отырған «Рухани жаңғыруға» көнетін қазақ – ақпараттық кеңістігін қолданатын қазақтілділер. Орыстілділер Қазақстан телебағдарламаларын көрмейді, елімізде не болып жатқанын білмейді. Қазақстан азаматтары болса да, назарларында Ресейде болып жатқан жағдай. Ертең басымызға күн туса, қазақ шекарасын қорғайтын қазақтілділер. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ.
11. Ресейден үйренеріміз көп
Ресейдің мол тәжірибесін қолдануға болады. Кезінде орыстарды шеткі аймақтарға көшіру үшін неше түрлі әдістер қолданылды. Орыс переселендер мен казактарға шұрайлы, суармалы жерлерді беріп, отарланған аймақтарда форпосттар салынды. Шеткі аймақтарға көшкендерге лауазым, баспана беріп, жоғарылатқан коэффициентпен жалақы төлеп ынталандырды. Тіпті түрмеде отырған қылмыскерлерді жазалау мерзімін қысқартып, жаңа жерлерді игеруге жіберген. Мысалы Ф.М. Достоевскийді, Т.Г. Шевченконы тағы да сол сияқты басқа да саяси «қылмыскерлер» кезінде Қазақстанды орыстандыруға пайдаланылды. Жаңа аймақтарды отарлау үшін Германиядан немістерді көшіріп әкелген. Белсенді насихаттың күшімен, қолдарына комсомол жолдамаларын ұстап, талай толқын жастар Қазақстанды орыстандыруға қатысты. Қазірдің өзінде Қиыр Шығыс пен Солтүстікке көшкендерге тегін жер үлестерін беріп жатыр. Көшті тоқтатпау үшін бұдан басқа да ынталандыру шараларын қолданады.
Шекаралық аймақтарымызда халықты орналастыру, ішкі және сыртқы миграция – Қазақстан билігінің құзырында. Елге қауып төнсе шекаралық аймақтардан басталатыны айдан анық. Басқыншылар жерімізге кіріп келсе (құдай одан әрі қылсын), шамалы шекарашылар жаудан қорғай алмайды. Шекараны қорғай алатын тек көпшілік құрайтын қазақтілділер. Дүниежүзінде ұлы көші-қон басталып кетті. Марқұм демограф Мақаш Тәтімтегі болжаған Күнгейден Теріскейге миграция тым баяу жүруде. Ендеше бұл үрдісті неге жеделдетпеске? Шет елдерден келетін қандастарымыздың алдында көптеген кедергілер тұр. Басқа елден тарихи отанына ораламыз деушілер Қазақстан заңдарын білмейді. Осыны пайдаланып, кеденде, көші-қон мен құжаттандыру орындарында қызмет ететін бюрократтар мен парақорлар оралмандарға неше түрлі кедергілер жасайды. Теледидардан Қытайдан көшіп келе жатқан жесір ана Гүлжан Мәуітханның зарын естідік. Ата жұртында баспана аламын деп маңдай терімен тірнектеп жинаған 60 мың долларын «Майқапшағай» шекарашылары тартып алады. Бұл бопсалаудың бір түрі: «параны өз қолдарыңнан бермесеңдер, заңды қолданып барыңды тартып аламыз»,– деген кеденшілердің құқайы. Сол кеденшілердің патриотизмі, жүрегі, жанашырлығы, адамгершілігі қайда? Керісінше, тарихи отанына өз күшімен көшіп келе жатқан бейбаққа заңды бұзбай 60 мың долларды алып өту жолын үйретпей ме? «Закон как дышло, куда повернул, туда и вышло» ,– дейді орыс бауырларымыз. Бұл уақиға Гүлжан қандасымызға оңтайлы шешілетіне сенеміз. Шекарашы еліміздің патриоты болса, заңсыз жолмен болсын, елімізге келіп жатқан валютаға қуанбай ма? Басқа мемлекеттерде шенеуніктер елдеріне келіп жатқан байлыққа қуанады. Бұл қару-жарақ, қопарғыш, есірткі, ұрланған зат емес. Қытай мен Қазақстанның заңдары бір-біріне сай келмейтіндіктен, осындай оралмандардың пайдасына шешілмейтін даулы істер жиі-жиі кездеседі. Жүздеген көшіп келушілер оралмандар статусын, баспана, азаматтық ала алмай, жұмысқа тұра алмай, соңғы қаражаттары түгесіліп қаңғып жүр. Мәселені шешу үшін, оралмандарға мұндай кедергілерді айналып өтуге көмектесетін, кең құзырлы комитет құру қажет. Өкінішке орай, мемлекеттік шекарада отырған шенділер, өз қызметтерін қосымша табыс көзі санап, еліміздің келешегін, демографиямыздың жағдайын ойламайды. Олардың ойы – өз «қарындарының» қамы. Сыртта жүрген 5 миллион қандастарымызды елге оралу ісін Елбасымыз бастап еді.Қазір қазақ бауырларымыздың тарихи отанға оралу үдерісі тоқтап қалды. Бұған кінәлі шекарада, көші-қон комитетінде отырған бюрократтар мен парақорлар. Бюрократтар мен парақорларды дереу жауапқа тартып, мемлекеттік қызметтен алшақтату керек.
Жұмыссыздықтан қиналып жүрген тарихы, діні, мәдениеті бір, өзімізге туыстас өзбек, қырғыз, қарақалпақ, тәжік дихандарына азаматтық беріп, Теріскейге бос қалған ауылдарға көшіріп алмаймыз ба? Шарт біреу ғана болу керек: балаларын қазақ тіліне бейімдеп, мемлекеттік тілдегі мектептерде оқытулары тиіс. «Шекараларымызды бекітейік»,– деп ұран тастап, бұл іске «Жас Отан» ұйымын тартуға болар еді.
12.Бізге революция керек емес
Қазақстан билігі ең алдымен еліміздің тұтастығын қамтамасыз етуді ойлау керек. 25 жыл тәуелсіз мемлекетте өмір сүрсек те, халқымыз әлі топтасып болған жоқ. Қазақ халқының ішінде өз қарнының қамын ғана ойлайтын мәңгүрттер де, қазақ екенін сыртқы пішінінен ғана айыруға болатын маргиналдар да бар. Халқымыздың үлкен тобын құрайтын – ұлтжандылар. Қазақ халқының ерекшелігін қорғайтын шаралар қолданбаса, ұлтжандылар радикалдық әрекеттерге баруы мүмкін. Мызғымас Кеңес Одағын күйреткен – ұлтжандылар. Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен көтерілісі тағы да басқа уақиғаларды тізіп келтіруге болады. Мұнда басты мәселе – қазақ тілінің жағдайы. Революция бізге керек емес. Сондықтан қоғамдағы қазақ тілінің жағдайын шешу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісейік, қазақ тілі мәселесін жедел шешейік. Келешекте Қазақстанда көп этносты қазақ тілді, ортақ ақпараттық кеңістікті қолданатын, біртұтас ұлт қалыптасу керек.
Қоғамда бір ғана доминант тіл болу керек– ол мемлекеттік тіл. Санамызда қалыптасқан құлдық психологиядан арылмай ұлтымызды ұйыстыра алмаймыз. Бұл жағынан демократиялық жолмен дамып келе жатқан кішкентай Израильді үлгі тұту керек. Бабаларының құрып кеткен иврит тілін тірілтіп, құрметтеп, мемлекеттік деңгейге көтерді. Иврит тілін енгізуді балабақшадан бастады. Ол үшін ешқандай қаражаттың қажеті болмады.
13. Рухани жаңғыру үшін рухани азық қажет.
Рухани жаңғыру үшін рухани азық қажет. Рухани тәрбие берудің негізгі көзі – теледидар арналарының көбейуі жақсы белгі. Көрермен қауымнын толық қанды қамту үшін арналар саны әлі де аз. Көптеген ағылшын тіліндегі телебағдарламаларды орысша аудармасында көреміз. Мысалы: дүниежүзілік тарих, Жер-Анамыз бетіндегі тіршілік, жан-жануарлар әлемін қазақ тілінде көре алмаймыз. Тәуелсіз ақпараттық «Euronews» бағдарламасын да орыс тілінде көреміз. Бізді қуантатыны таптық идеологиялық сипаттан арылған түрік сериялдары. Біздің келешегіміз балалар. Ендеше қосымша аннимациялық фильмдер көрсететін арналар қажет. Адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейтін сериялдарды көріп, кейіпкерлердің орнында өз қазағымызды көргендей боламыз. Кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге ренжиміз. Данагөй ағамыз Д. Қонаевтың тапсырмасымен І. Есенберлин жазған «Алмас қылышты» экрандағанына қуаныштымыз. Бұл фильмде алғаш қазақтың шынайы тарихын көрдік. Сценаристер тобына, режисер Рүстем Әбдірашитке, басқа да фильмді қоюға үлес қосқан киногерлерге алғысымыз шексіз. Сол сияқты «Шыңғыс хан», «Құбылай хан», «Жаужүрек Ертұғрыл», «Құнанбай», «Жерұйық» фильмдерінен ақиқаттың ұшын көріп, рухани азық аламыз, түркілердің адамзат өркениетіндегі орнына көзіміз жетеді. «Алмас қылыштың» жалғасын экрандауға қаражат жетпей қалғаны өкінішті. Бұл жағдай үкіметімізді, бизнесмендерімізді ойландыруы тиіс. Біздің мәдени кеңістігіміз тар. 18 миллион халқы бар Қазақстан екі тілді болып бөлініп тұрғанда, жақсы фильм қойып оны кассалық табыспен ақтау өте қиын. «Тюрксойдың» көмегімен түркі-моңғол елдерінің ықпалдастығын аттыру керек. Орта Азия үздік фильмдері неге көрсетілмейді? 200 миллиондық көрермендері бар 7 түркі-моңғол елдері фильмдерді бірігіп қойғанда ғана кассалық түсім жұмсалған қаржыны ақтар еді.
100 жыл бұрын алаш көсемдерінің болжауынша, Алаш Орда болу керек еді. Бәрімізге мәлім , қазақ, Қазақстан деген атаулар сырттан қойылған. Халқымыздың руханиятын көтеру үшін ресми түрде, кем дегенде балама ретінде, жаңа да аяққа тұрып қалыптасып келе жатқан халқымыздың атын «алаш» , мемлекетімізді – « Алаш Елі» деп атауды енгізуді керек деп санаймын.
Амангелді Елтін, зейнеткер. Павлодар қ.