Қыз-келіншектерге темекі шегуді үйреткен адам – Эдвард Бернейс.
Бұл 1929 жылы болған оқиға еді. Сол кездері Америка жұртшылығына өзінің неше түрлі қисынды-қисынсыз PR-акциялары арқылы танымал бола бастаған Эдвард Бернейске темекі бизнесінің өкілдері өтініш жасады. Өтініштері – «темекі бизнесін дамытудың жаңа әдістерін тауып бер» деу.
Э.Бернейс бұған дейін «Дженерал Электрик» деген фирма үшін электр шамының қолданыла бастағанына 50 жыл толуына орай «Жарықтың алтын тойы» деген атаумен ең алғашқы халықаралық деңгейде мерекелік шара ұйымдастырған еді. Осы мерекелік шарадан кейін жұртшылықтың электр шамына деген қызығушылығы артқан екен. Көп ұзамай өзінің осы сияқты қызметтерімен Э.Бернейс бизнестік ортаның назарын аудара бастады. Өз ісін жақсы білетін асқан шебер маман ретінде танылып, енді оған көптеген америкалық іскер топтардың басшылары мен президенттері де тапсырыс бере бастайды. Темекі бизнесі өкілдерінің де оған зор үмітпен қарағанының басты себебі осы болатын.
Ақшаның бүлдірмейтін нәрсесі бар ма. Темекі бизнесі өкілдерінің атынан бұған төленуге уәде етілген қомақты ақы көз алдына елестеп тұрып алған ол енді күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Сан түрлі жобаларды ойлап, екшеп, сараптап, салыстырып басы қатқан Э.Бернейс кенеттен миына келе қалған жаңа идеясын олай ойлап, былай ойлап, ақыры ең дұрысы осы деген шешімге келді. Ол шешімі – әйелдердің темекі шегуін сәнге айналдыру. Қыз-келіншектердің кейде сәл нәрсеге әуестеніп, осы жаңа сән десе бітті, жақсы, жамандығын айырып жатпай, соның соңынан ілесе жөнелетін әдеті бар екенін Э.Бернейс психолог жақсы білген сияқты. Оның үстіне жер шары тұрғындарының қомақты бір бөлігін құрайтындар – әйелдер. Егер олар темекі шегушілер қатарына кірсе, темекі бизнесі шарықтай жөнелді дей беріңіз! Ал бұл Э.Бернейстің қалтасына келіп түсетін мол қаражат.
Сөйтіп ол әйелдердің темекі шегуі сияқты ең жексұрын әдетті бастап берген адам ретінде де тарихта қалатынын бәлкім білді, бәлкім білмеді, әйтеуір 1929 жылы Пасха мерекесі кезінде Нью-Йорк қаласының орталық көшесінде Э.Бернейс темекі шегіп келе жатқан әйелдер шеруін ұйымдастырды. Шеруде ылғи әдемі қыз-келіншектер әдемі киініп алып, аяқтарын әдемі басып, жұртшылықтың назарын аудара шаттана күліп, бұрқыратып темекі шегіп келе жатты. Бұрын-соңды темекі шеккен әйел көрмеген көпшілік алғашында аңтарылып қалып, сосын таңданысып, сосын ғажайып бір оқиғаның куәсі болғандықтарына мәз болысып, тіпті кейбіреулері көпке дейін олардың соңынан еріп, біраз жерге дейін барған көрінеді. Сол сәттен бастап-ақ жұртшылықтың ішінде темекі шегіп бара жатқан әлгі қыз-келіншектердің әдемілігі, оларға темекі шеккеннің жарасып бара жатқандығы туралы гу-гу әңгіме өршіді де кетті. Бірақ бұл әңгіме сол бойда қатты қарсылыққа тап болды. Мұндай жосықсыздыққа алдымен әйелдер қарсы шықты. Э.Бернейстің осы акциясы туралы газеттер де улап-шулап жаза бастады. Темекі бизнесінің өкілдері болса осы қызу кезеңді пайдаланып, темекі жарнамасын да күшейтіп жіберді. Темекі шегіп шерулетіп, мәз болысып келе жатқан әлгі әйелдердің суреттері бір газеттен бір газетке көшіп, жұртты одан сайын елеңдетті. Осындай бастырмалатқан жарнамалардан соң «жаман әдет жұққыштығын» жасап, жас қыздар ашық та жасырын да темекі шегуге бой алдыра бастаған екен. Темекі шегуге құмарлықтары оянып кеткендіктен емес, жұрттың назарын аударғысы келгендіктен.
Сөйтіп бұрын-соңды адам баласы көрмеген әйелдердің темек шегуі сияқты сұмдықты Э.Бернейс өмірге әкелді. Бұл да темекі бизнесінің пиаршысы болып қызмет істеп жүрген Э.Бернейстің өзінің пиаршылық даңқын шығару үшін әйелдердің денсаулығын құрбандыққа шала отырып ұйымдастырған СrazyPR акциясының бірі болатын. Бұл пиар-акция оған орасан зор табыс әкеліп, шебер пиаршы ретіндегі атақ-даңқын асқақтатты, өйткені дәл осы оқиғадан соң темекі бизнесі Америкада шапшаң өркен жайды. Содан бері әйелдердің темекімен өкпелерін улауы сәнге айналып, кейбір әйелдердің ажырамас атрибуты болып кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша жыл сайын өкпе рагынан 5 миллионнан астам адам өледі екен. Солардың 90 пайызы тек қана темекінің зардабынан болатын көрінеді.
Неміс ойшылы А.Шопенгауэр: «билік иесінің қателігінен халық зардап шегеді, ал ұлы ойшылдардың қателігі тұтас ұрпақтарды, тіпті ғасырларды шарпып, өсе-өсе келе ақыры адамзатты небір ақымақтықтар жасауға дейін алып барады» деген тұжырым айтады. Э.Бернейстің пиар-акциялар ұйымдастырудың шебері екендігінде дау жоқ. Бірақ оның темекі саласына жасаған шеберлік акциясы өкпе рагы ауруына жол ашып, талайдың өмірін қиды. Темекі шегу әдетін адамзаттың генетикасына сіңіріп жіберді.
«Таңғы асқа қуырылған шошқа майын жеу керек» деп түрлі акциялар ұйымдастырып, оны қолданысқа енгізген де осы Э.Бернейс еді. Қазіргі медицина «таңғы асқа қуырылған шошқа майын жеу керек» деген адамды бірден сотқа берер еді. Э.Бернейс өзінің пиар-акцияларында қандай да бір мақсатқа қол жеткізу үшін нақты бір операцияны сан түрлі қырынан қайталай беру әдісін қолданатын болған. Манипулияция дегеніміз – осы.
Тіпті зерттеушілердің айтуынша оған Гитлер де ұсыныс жасаған көрінеді. Бірақ Бернейс Гитлер үкіметінің болашағын алдын ала сезіп қойғандай, оның ұсынысын қабыл алмапты.
Э.Бернейстің жұмыс мәнері адамдардың бір нәрсеге көзін жеткізіп, қалай да сендіру емес, ол өз ықпалын адамдардың бейсанасына әсер етіп, манипулияция жасау арқылы жүзеге асырған.
Ол жүзеге асырған ең ірі пиар-операциялардың негізгі біреуі 1914-1918 жылдар аралығында болған Бірінші дүниежүзілік соғысқа АҚШ-тың қатысуына жалпыхалықтық қолдауды қамтамасыз етуге арналды. Ол АҚШ-тың Бұқаралық Ақпарат Комитеті арқылы халыққа жаңа идея тастады, ол идеясы – «АҚШ-тың бұл соғысы әлемде бейбітшілік орнату үшін жүргізіледі» деген еді. Сол кезден бері Э.Бернейстің бұл сөзін АҚШ күні бүгінге дейін өзі бастайтын қай соғысында да қолданып келеді. Тіпті, Ирактағы соғысқа да АҚШ әскері осы ұранмен аттанды.
Сондықтан да, темекі шегуді әдет қылып кеткен қыздар, естеріңізде болсын, сіздер – Э.Бернейстің манипулияциясына түсіп қалғандарсыздар. Бұл – бүгінгі таңда да әлдекімнің бизнесі және сіз темекі шегу арқылы сол әлдекімге ақша жіберіп, оны байтып, өзіңізді кедейлендіріп жатқандығыңыз өз алдына, денсаулығыңызды да сол әлдекімнің бизнесі үшін құрбандықа шалып жатырсыз. Дегенмен сіздердің рухтарыңызда одан құтыла алатын ғаламат күш бар екендігіне ешкімнің де, тіпті өзіңіздің де күдігіңіз болмауы тиіс. Ол күш Э.Бернейстің манипулияциясынан да құдыретті екендігін естен шығармаңыздар.
Ал, Сіздер, құрметті темекі шегіп көрсем бе екен деп ойланып жүрген қыздар, бұл ойларыңыздың 20-ғасырдың ескілікті қалдығы екендігін түсінерсіздер деген сенімдемін. Сіздер жаңа заманның адамысыздар. Биылғы жылы тағы да әдемілік пен білімділік сәнге айналғанын білетіндіктеріңізге күмән жоқ. Тек соны басқаларға да айта жүріңіздер.
Айсамал Әбілхан