"Өлгендер қайтып келмейді" мекенінде Рысбай Ғабдиевпен болған диалог немесе гений Құрманғазы, өлген адамдардың Нұрғиса Тлендиевтің туған күнін тойлауы жайында.
-Георгий лентасын соғыста тақпағанмын. Оны ешкім де тақпаған деп бұрқылдап қояды...
Кеш батып бара жатқандықтан, ұзақ отыра алмадым. Дегенмен шыға берісте қандай құдірет екенін білмеймін, әйтеуір жүздеген молаларды әрі асып ішіне кіргім келіп тұрдым да қойдым. Неге екенін білмеймін, әйтеуір ішіне қарай кіру керекпін деген сезім бойымды билеп алып, кіруге асық болдым. Күн батып бара жатты, жаңбыр да сіркіреп тұрды. Молалaр арасында бойды қорқыныш билей бастады. Дегенмен нені іздегенімді өзім түсінбей, мәйттерді аралап кіріп кеттім. Кеш бата бастаған соң, жүрек дүрсілі сабырсызданып, кинодағыдай жағдай боп жатса "шамамен былай қашамын" деп артқа қарап қоямын. Жолай молалардағы суреттерге қарап қоямын: "пәленше мына жылы туыпты, түгенше мына жылы өліпті". Нені іздеп жүргенімді білмеймін, әйтеуір біреуді тауып алу керек болдым. Сөйтіп біраз уақыт жүрген соң алдымнан шыққан моланы көргенде "О тоба дедім!"
Біз қалада домбыраның қоңыр үнін асқақтатып жүрсек, нағыз "Домбыра Party" мұнда жатыр екен ғой деп күлкімді тыя алмай, еріксіз біраз күліп алдым. Сөйтсем мені қоярда-қоймай қалың моланың ішіне тартып жатқан қазақтың маңдайалды жарқын жұлдызы, атақты күйші-компазитор, Халық әртісі Рысбай Ғабдиев екен )))
-Ассалаумағалейкум Ержан, қош келдің.
-Уәлейкумсалам ата.
-Осы күнге дейін не істеп жүрсің келмей, анау Қайрошқа келгенде, маған соғып кету қиын болды ма?
-Ата, мен сіздің қай жерде тұратыныңызды, кешіріңіз қай жерде жатқаныңызды білмеймін ғой.
-Біліп қой онда, мен осы жерде тұрамын. Айтпақшы "Домбыра Party" жасапсыңдар, керемет идея екен. Идеяны дүниеге алып келген адамға рахметімді айта бар. Алтынжардан Құрманғазы сәлем айтып жатыр. Риза болып жатыр. Айтпақшы сен анаукүні көпке таралған Стив Джобс пен Шәкерімнің диалогын естіп, жариялапсың ғой (
- Ата, ол қалай гений? Ол да Шәкерім құсап ішек пен сымнан телефон жасап екі ауылды байланыстырып па? Білуімше қос ішектің виртуозы ғана болды ғой.
- Жок, ол анау телефонды жасамады. Саған оның генийге татитын үш құдіретін айтайын:
Біріншісі, Құрманғазы домбырадан әуелі, қоғам қайраткері болған. Ұлттың қамын ойлаған, ұлттың сана-сезімін домбыраның құдіретімен оятпақ болған, қоғамның жаңа заманға сай озық формасын, азаматтық қоғам құруға атсалысқан нар тұлға болған. Заманының алды болып, мәңгүрт басшылардан қорлық көрген соң, тіл байғұс айтам десе солмау үшін, сол айтпақ идеаясын домбыраның құдіретімен таратпақ болған. Өкінішке орай, оның ұлттың өз жолын өзі айқындауға жігерлейтін домбыра әуеніндегі идеясын бүгінгі халық түсіне алмай отыр. Қалайша түсінсін, Гитлер айтқандай "азаннан кешке дейін шетелдік мағынасыз музыканы халық арасында даңғырлатып қойса, ұлт қарусыз-ақ құл болады"
Екіншіден, Құрманғазының бір құдіреті, Сарыарқада болмады, дегенмен құлан дала Сарыарқаның болмысын Құрманғазыдан артық күй арқылы суреттеп берген компазитор жоқ. Құрманғазы Алатауда болмады, дегенмен Алатаудың асқақ құдіретін Құрманғазыдан артық домбыра үнімен суреттеп берген адам жок. Оны суретші де өйтіп қағаз бетіне түсіре алмас. Оның бәрі қазақтың бүкіл болмысы мен жерінің құдіретін өзінің кесек ет жүрегіне сыйғыза білгендігінде деп білемін. Ұлттың ұлы деп Құрманғазыны айт.
Үшіншіден, Құрманғазының бізге жеткен 65 күйі бар. Бізге жетпегені одан да көп. Енді ойлап қара, жүздеген күйді жұмыр бастағы мида ұстап тұру деген ол керемет дарындылықтың белгісі ғой. Гений деп Құрманғазыны айт. Анау Моцарт, Бахтар жазған музыкасын қағазға түсіріп отырған. Әйтпесе бейшаралар оны ұмытып қалар еді. Нота дегенді білмей тұрып, соншама күйді есінде сақтап, оны ұрпаққа жеткізе білу үшін, соншама дарындылық пен бірегейлік қажет. Сенің гений деп жүрген Стив Джобсың жәй әшейін саудагер ғой палоройдтың өнімін ұрлап алған.
- Сіздер сол Стив Джобсқа тіреліп қалғандай...алдында Абай да сөйтіп айтып еді...
- Ееее, айтпай немене...
-Ата, бір сұрақ қойсам бола ма, ренжіп қалмайсыз ба?
-Айта бер, ренжісем де не істей аламын? Жеті қат жердің астындамын, домбыраммен басыңнан қойып қала алмаймын)) Әзіл ғой.
-Ата, қабірде не істеп жатырсыз? Іш пысқан жоқ па? Домбыра алып кетпедіңіз бе? Іш пысқанда домбыра тартар едіңіз)
-Жұмыр басты пенденің анау дүниеге иманнан басқа алып кетер дәнеңесі де жоқ екенін білмедің бе?
- Жоқ, білемін ғой, бірақ дегенмен... Мысалы үшін, Құрманғазы демекші, Құрманғазы домбыраны қолмен игергені сонша, ерігіп жалыққаны сонша, домбыраны аяқпен ойнауды үйреніп алған деседі ғой. Сол сияқты домбыраны аяқпен де тартып, уақыт оздыруға болар еді, әйтпесе ақырзаманға дейін қаншама... ??
- Еее сен, олай білгішсінбе бала. Уақыт зымырап жатыр. Оның үстіне мұнда ерігетіндей жағдай емес. Біз де компазиторлар болып басымызды қосып шұрқырасып тұрамыз.
Соңғы рет бәріміздің басымыз 1-ші Көкек күні Нұрғиса Тілендиевтің туған күнінде қосылды.
-Бәріміз? Сонда кімдер?
-Кімдер болушы еді, Сонау Қазақ хандығын құрудағы идеолог жырау Қазтуғаннан бастап, Құрманғазы, Тәттімбет, кешегі Каршыға Ахмедияровқа дейін бәрі жиналды ғой. Дина әже мен Сара ақын шәй құйып, күйге ән жалғасып, жас ініншек Табыл Досымовтың репертуарына дейін бардық...
-Пәллі! Жаңдайларыңыз жақсы екен! Сонда қай жерде жиналасыңдар?
- Әр-түрлі ғой. Нұрғисаның туған күнінде "Куә бол" әуені дүниеге келген, Сәкенше айтқанда "сексен көлді саясына сыйдырған" Көкшетаудағы Жұмбақтастың қасында болды. Біраз шұрқырасып отырып демалдық қой. Бір ғанибет болды.
-Сонда қалай бір-біріңізді табасыздар? Фэйсбук, скайп жоқ дегендей....?
-Бала, сен көп сұрақ қойып кеттің. Кеш батып қалды. Жүрегіңде түгің болса, отырып көр мол арасында түнге дейін))) Фатихадан тағы бір рет оқып жібірші. Құранның соңғы 3 сүресін оқитының керемет, себебі сол үшеуін оқысаң, хадис бойынша бүкіл Құранды оқығанға татитындай боласың.
-Ата, оны сізден артық білетін сияқтымын)) Жақсы, оқиын да, кетейін, қараңғы түсті. Ата, тірілерден біреуге болсын сәлеміңізді айтайын ба?
- Айта ғой, бірге оқыған құрбым Ескендір Хасанғалиевке сәлем айта бар менен.
-Айтпақшы ұлы Біржан үйленді ғой. Жақында ұлды болды.
-Ойпырмай, жасы нешеде өзі? Әйтеуір үйленді ме? Әкесі де отыздан асып барып үйленіп еді. Не айтайын, бауы берік болсын. Айтпақшы шәкірттерімнің бірі Асылбек Еңсепов не істеп жүр?
-Ой ата, жүрген шығар бір жерде. Алдында бір жұмыстасым сонымен ұшақта бірге келді. Той иелері бизнес класс бермеді деп шу шығарып, атын атап, "мені неге танымайсыңдар" деп ұшақ бортын біраз әурелеңге салыпты)))
-Ееее, онда айта бар, мас болмасын деп... Талантты домбырашы ғой, дарынын жоғалтып, арзан нәпақаны қумасын...
-Рысбай аға, айтпақшы алдында сіздің немере қызыңызбен сөйлестім скрипкада ойнайтын.
-Оны қайдан кездестірдің?
-Жоқ, көрген жоқпын. "Вконтакте" қоғамдық желісінде сөйлескенмім. Парақшасы толған сіздің суреттер. Соған қарағанда сізді қатты сүйeтін сияқты ...
-Еее рахмет, оған айта бар, мен де оны қатты сүйемін. Тек анау, "вконтактеге" уақытын босқа құртпасын. Одан да скрипкадағы өнерін жетілдірсін. Сосын анау "Домбыра Party" айналасында жүрген жастарға менен сәлем айта бар. Істері игі екен!
-Жарайды айтайын мүмкіндік болса. Менен Нұрғиса Тілендиев пен Біржан Салға сәлем айта барыңыз!
-Айтайын, 31 Мамырда "Саяси құрбандарды еске алу" күні қазақтың біртуар өнер қайраткері, репрессия құрбаны Жұмат Шанинге барамыз. Сол кезде көргенде сәлеміңді жеткізейін.
Мені молалар ішіне тартқан не құдірет десем, осы бір тылсым күш екен. Нағыз "Домбыра Party"-дің диджейі мола ішінде екен)) Осы "өлгендер қайтып келмейді" деген қалашықтағы молалар ішінен Рысбай Ғабдиевті кездестірем деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін еді. Осындай да кездесу болады екен...
Жаңбыр қатты жауа бастады. Үйге асығу керек.
Диалог шынымен де сол жерде орын алған
Ержан Алаш
18 мамыр, 2013 жыл.
Атырау