Quantcast
Channel: Последние записи в сообществах | Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16277

Образование в Казахстане и за рубежом. Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ МЫҚТЫ МАТЕМАТИК ЖҰМАДІЛДАЕВ ЕМЕС...

$
0
0

Математик Асқар Жұмаділдаевты жақында кездейсоқ кездестіріп қалғанбыз. Біздегі математиканың жай-күйі, Қазақстандағы мықты математиктер жайлы біліп қалайық деген оймен қашан да асығыс жүретін ағамызды әңгімеге тарттық.
– Қазақстанда математиктер көп. Бірақ мықты математик Асқар Жұмаділдаев емес, – деп бастады ағамыз әңгімесін. – Бізде ең мықты, нөмірі бірінші математик – Мұхтарбай Өтелбаев. Астанадағы Еуразия университетінде сабақ береді. Сосын Уалбай Өмірбаев. Ол жапон математигі Нагатаның, ағылшын математигі Конның есебін шешкен. Қазір Детройттағы Уейн университетінде дәріс оқиды. Одан кейін барып мүмкін, Асқар Жұмаділдаев шығар. Ол жағы да түсініксіз, бірақ. Менен де мықты математик болуы мүмкін.
– Ал дүниежүзіндегі мықты математиктер кімдер?
– Дүниежүзінде мықты математиктер жетерлік, мен ең мықты екеуін атайын. Бірі – ресейлік Гриша Перельман. Ол әлемде бірінші болып хуанпарэ гипотезасын шешкен. Екіншісі, ағылшын математигі Андрей Уайлс. Ол ферма теоремасын дәлелдеген.
– Біздің оқырмандардың кейбірі: «Математик болғым келеді. Қазақстанда қай жоғары оқу орны мықты математиктерді даярлайды?», – деп сұрап жатады. Бұған не дейсіз?
– Мықты математик боламын деген бала ең алдымен Алматыдағы Жәутіков атындағы мамандандырылған физика-математика мектебіне түссін. Біздің елде мен мойындайтын екі мектептің бірі – осы Жәутіков мектебі. Сосын қазақ-түрік лицейлерінде білім жақсы. Бұл менің жеке пікірім емес. Осы екі мектептің оқушылары жыл сайын халықаралық олимпиадалардан жүлде алып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Қайрат Келімбетов, кешегі банкир Мұхтар Әблязов та Жәутіков мектебінің түлегі.
Жыл сайын мен мамыр-маусым айларында басқа қалаға қашып кетем. Өйткені Жәутіков мектебіне қабылдау емтихандары басталады да, жұрттың бәрі мені іздейді. Емтиханда көмектессін дегені. Физика-математика мектебіне тамыр-таныспен баламызды түсірсек болды, ары қарай өзі алып кетеді деп ойлайды кейбір ата-аналар. Шын мәнінде, физ-мат мектебінде білімділер, математиканы ұғатындар, басы істейтіндер оқиды. Ал жоғарғы оқу орнына келер болсам, математиканың деңгейі мықты деп С. Демирел атындағы қазақ-түрік университетін атар едім. Өйткені, онда небір мықты математиктер жиналған. Мен де сонда сабақ берем. Сосын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде білім жақсы.
– Жөн екен. Аға, математикада ізіңізді қуып келе жатқан ізбасарыңыз бар ма?
– Бес-алты шәкіртім бар. Бірақ олардың ғылымда қалатын, қалмайтынын нақты айта алмаймын. Өйткені, қазір ғылымда қалатындар сирек.
– Сұхбаттарыңызда үнемі қазақтар Word-та жазуды үйреніп алып, компьютердің тілін меңгердім деп даурығып жүреді деп кейістік білдіресіз. Өзіңіз компьютерді қаншалықты меңгергенсіз?
– Мен компьютердің маманы емеспін, толық меңгергенім жоқ. Бірақ компьютер тұтынушысымын. Жұмыстарымның барлығын компьютермен жасаймын. Компьютерлік бағдарламалар күннен-күнге масқара жылдамдықпен дамып жатыр. Ал менің жасымда оны үйрену мүмкін емес. Сондықтан балаларға компьютер үйреніңдер деймін. Компьютердің ар жағын, ғылымын игеріңдер.
– Қазақтан қашан технократ шығады?
– Қашан екенін білмеймін, бірақ шығады. Қазақстан технократтық елге айналады. Өйткені, технократтардың нышаны байқала бастады бізде. Ғылымға, технократтыққа қызығатын жас балалар бар екен. Жақында Қызылорда облысындағы Шиеліде болдым. Сонда мектеп оқушыларымен интернет арқылы онлайн конференция өткіздік. 10 минуттық конференция бір сағатқа созылды. Балалардың сұрақтары, қызығушығы, ойлары мені қатты таңғалдырды. Олардың сауалдарына қарап технократтыққа ден қойған балалардың жайын байқадым. Заманның ыңғайына қарай техникалық құралдар қарыштап дамып жатыр. Онымен қоса ақпарат көздері де. Қазір бар жұмысын компьютермен бітіретін «компьютербасты» адамдар қалыптаса бастады. Өкінішке қарай, олардың қатары сирек.
– Аға, осындай дамыған, техниканың заманында жүріп неге ұялы телефон ұстамайсыз?
– Өйткені, маған оның қажеті жоқ. Ұялы телефон – керек емес дүние. Уақытымды жейді. Қазір балабақшадағы бес жасар балаға да телефон ұстатып қойдық. Байланысуға оңтайлы дейміз. Елдің бәрінде телефон бар деп мен де пайдалануым керек пе? Жоқ. Мені іздегендер үйіме хабарласады. Асқар анда жүр, мында жүр деп тауып алады. Қазір қажетсіз нәрселер өте көп. Мен ешқашан кино, сериал көрмеймін, мысалы. Өйткені, одан түк пайда жоқ. Теледидарды тек жаңалықтарды қарау үшін қосамын.
Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16277

Trending Articles