Алғаш рет «фундаментализм» ұғымы АҚШ-та 1920-шы жылдары христиандық контексте модернизмге қарсы кейбір протестанттық шіркеулер мен ұйымдарға қатысты қолданылды (Kramer 2009). Исламдық фундаментализм ұғымы тек 50 жылдан соң, 1979 жылғы Иран революциясынан кейін, американдық БАҚ арқылы кең қолданысқа ие болды. Фундаментализм ұғымы тез таралып, 1990 жж. қарай Қазіргі ағылшын тілінің Оксфорд қысқаша сөздігі оны «тек дәстүрлі протестанттық сенімдерді қатаң сақтау емес, кез келген діннің, әсіресе исламның бастапқы немесе негізгі сенімдерін қатаң сақтау» деп анықтады (Concise Oxford Dictionary of Current English, 1990: 477). Алайда, исламдық фундаментализм ұғымының қолданысына қатысты ғалымдар арасында айтарлықтай келіспеушілік бар. Кей ғалымдар ұғымның түсіндірмелік мәнін тар деп атаса, өзгелері әр мұсылман исламның негіздеріне сенеді, сол себепті ол исламдық контексте оң сипатқа ие деп қарсылық білдіреді (Lewis 1988; Esposito 1992).
Исламдық фундаментализм мен исламизм арасындағы айырмашылық – ғалымдар арасында пікір-талас тудырып отырған келесі проблемалық сала. Martin Kramer-дің пікірінше, қазіргі американдық қолданыста исламдық фундаментализм мен исламизм синонимға айналған (Kramer 2009). Graham Fuller (1991) мен Olivier Roy (1994) исламдық фундаментализм мен исламизм арасын ажыратуда фундаментализмді алғашқы исламдық мемлекетке қатаң оралу деп анықтаса, исламизмнің мән-мағынасы заманауи сипатта деп атап көрсетеді. Өз кезегінде John Esposito исламдық фундаментализмнің орнына исламдық қайта өрлеу және исламдық активизм ұғымдарын қолдануды қалайды (Esposito, 1992:8). Оның айтуынша, исламдық фундаментализм саяси активизм, экстремизм, терроризм және анти-американизммен ассоциацияланады.
Фундаментализм ұғымын жақтаушы ғалымдар саны аз болғанымен, ұғым қолданысқа еніп, қабылданды. Көріп отырғанымыздай, исламдық фундаментализм ұғымын қолдануға қатысты ғалымдар сан түрлі пікірде. Дегенмен, олардың барлығы келісетін жайт – исламдық фундаментализм немесе исламизм саяси феномен ретінде саяси мақсаттар үшін ислам дінінің агрессивті саясилануы.
Қолданылған әдебиеттер
Concise Oxford Dictionary of Current English (1990), 8th rev. ed. (Oxford: Clarendon Press).
Esposito, John L. (1992), The Islamic Threat: Myth or Reality? (New York: Oxford University Press).
Fuller, Graham E. (1991) Islamic Fundamentalism in the Northern Tier Countries: An Integrative View (Santa Monica: RAND).
Kramer, Martin (2009), “Coming to Terms: Fundamentalists or Islamists?” URL=<http://www.webcitation.org/query?url=http://www.geocities.com/martinkramerorg/Terms.htm&date=2009-10-26+02:20:35>, 2015 жылдың 28 сәуірінде қаралды.
Lewis, Bernard (1988), The Political Language of Islam (Chicago: University of Chicago Press).
Roy, Olivier (1994), The failure of political Islam (Cambridge: Harvard University Press).