Қазақ-жоңғар қатынастары. Ақиқат пен аңыз.
Жаман халық, «сатқын халық» болмайды, жаман идеология болады.Зиянды идеяларға халықтарды сендіріп, адамзатты бөлшектеп, бір-бірімен араздастырып қоятын зұлым тұлғалар болады.
Қазақстан Еуропа мен Азияның, ислам мен буддизмнің шектескен, басқа діндермен тоғысқан аймағында орналасқан. Қазақ елі көптеген ұлы империялардың құрамына кірді. Бұл жерлерде талай үлкенді-кішілі соғыстар жүріп өтті. Әлемді жаңғыртқан ұлы тұлғаларымыз: Бумын, Мөде, Атилла (Еділ хан), Томирис, Оғыз хан, сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хорезмшах, Шыңғыс хан, Әмір Темір, тағы басқалары осы жерлерді билеген.
Құбылай хан құрған Юань империясы 1368 жылы ыдырағаннан кейін , түркі- моңғол халықтары бөлініске ұшырады. Біртұтас тіл де бөлшектеніп өзгере бастады. Шығыс бөлік буддизмнің ламаизм тармағын қабылдап , «моңғол» атауын сақтап қалды. ХVI ғасырда жаңа моңғол тілі қалыптасты. Түркі-моңғол халықтары төрелер басқарған ұсақ-ұсақ тайпаларға бөлшектеніп кетті: халха, бұйрат, шорос, хошоуыт, дурвэд , хойт, торғауыт, байбағыс, т.б. Қытайда Мин әулетінен кейін, билікке Цин әулеті келеді. Кезінде түркі-моңғолдардың қол астында болған Қытай мен Ресей түркі-моңғол кеңістігінде екінші Алтын Орданың пайда болуын қаламады. Шама-шарқылары келгенше тайпалардың арасына іріткі салып, Шыңғыс мемлекетінің аумағында орталықтанған түркі-моңғол мемлекеті пайда болуына кедергілер жасайды. Қытай мен Ресей шапқыншылық әрекеттермен екі жақтан қыспақтап, жартылай көшпелі өмір сүрген түркі-моңғолдардың ішкі көші-қон миграция жолдарын тарылтты. Бұл жағдай ру-тайпалардың арасында жер дауын тудырып, қақтығыстарға әкелді. Алғашқы ойрат- қазақ қақтығыстары осы кезеңде басталды. Бұл қақтығыстар жаугершілік заманға сай, басқа түркі ру-тайпаларының арасындағы қақтығыстардан айырмашылығы болмады. Әр сенімдегі моңғол-түркі тайпалары бір-бірінен қыз алып, қыз берісіп шекаралық аймақтарда аралас-құралас тұрып жатты. Тәуекел хан кезінде дурвед, торғауыт тайпалары Қазақ хандығының құрамында болды, Тәуекелдің інісі Шах-Мұхаммед ойраттардың ханы болған.
Жиілеген қазақ-ойрат қақтығыстары торғауыт тайпасының шығыстан Еділ аймағына қоныс аударуына байланысты. Миграция бес-алты мың шақырым қашықтық құрайтын қазақ даласы арқылы өтті. Ұлы далада өтіп жатқан жат тайпалардың көші мен жергілікті рулардың қоныстарымен қиылысуы кейде бейбіт, кейбір кездерде қантөгіспен аяқталатын.
Амантай Исин – тарих ғылымының кандидаты. « Аңыз адам» журналы 2016 ж.
XVII ғасырдың басында Қытай Ойрат еліне қысым жасап, қырып-жойып, көршілерін айдап салып, халқын, атамекенін тастап, қоныс аударуға мәжбүрледі. Ойрат миграциясы Қазақ хандығының сыртқы жағдайын қиындатты, орталық, оңтүстік, солтүстік-батыс ұлыстарына қауып төндірді. Қалың ойрат тайпаларының қазіргі Солтүстік және Солтүстік-Батыс Қазақстан аймақтары арқылы батыс далаға қоныс аударуы қазақтар үшін тиімсіз болса да, Есім хан сияқты дара билеушілер бұл құбылыстың өзінен оңтайлы шешімдер іздеген. Қазақ, ноғай, халха моңғолдардың ойраттарға қарсы бірігіп, 1620 жылғы соққы берген тарихи жеңісі Есім ханды Ер Есім атандырды. Содан бастап Арқа жерінде шашыранды қалған ойрат ұлыстары Есім ханға тәуелді бола бастайды немесе онымен одақтасып, Есім ханның әскери күш қуатын асыра түседі. Есім ханның басты жоспары біртіндеп Ташкент бағытына ауады. Торғауыт қалмақ Батыс Қазақстанда көшіп қонып, Үлкен Ноғай ордасын ығыстыруымен қатар Кіші жүз ұлыстарын таршылыққа ұрындырады. Есім хан болса бір саяси одақтастарын Арқа жерінде қалған қалмақтардан тапқан. Қалмақтар Есім ханмен бітімге келуді тиімді көреді... Қазақ хандығының тарихы ойрат-қалмақтармен, кейін жоңғар-қалмақтармен тығыз байланыста болған, қазақ пен қалмақ үнемі соғысып жүрмеген, ымыраға келіп, қалмақ ұлыстарының Қазақ хандығы құрамында күн кешкен жайлар барлық қалмақты жау көрген эпикалық сананың көлеңкесінде қалған.
Жоңғар хандығының құрылымы
Қытай билеушілері қандай кедергі жасағанымен моңғолдың шорос, хошоуыт, дурвэд, хойт тайпалары бірігіп, орталықтанған Жоңғар (Ойрат) хандығын құрады. Билік басына шорос сұлтандары келеді. Алғашқы билеуші Батыр қонтайшы 1637 – 1653 жж. билеп, мемлекеттің негізін қалады. 1640 жылы Тарбағатай тауларының етегінде біріккен моңғол, ойрат тайпаларының басшылары моңғол-ойрат заңдарын қабылдайды. Бұл жинақтың аты « Цааджин бичиг» (Далалық жарғы). Онда ойрат тайпаларының ішкі тіршілігі, мемлекет құрылымы, әскери қызмет атқару тәртібі, діни ұстанымдары белгіленген. Батыр қонтайшы кезінде хандықта қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, жер игеру біршама ілгеріледі. Әу бастан Цин билеушілері жаңа пайда болған Ойрат мемлекетін құртуға әрекеттенеді. Батырдан кейін билік басында қонтайшы болған Сенге (1953-1671жж.), Қалдан Бошақты (1671-1697жж.), Севан Равдан (1697-1727жж.), Қалдан Серен (1727-1745жж.) Батырдың саясатын одан әрі жалғастырды. Олар хандықтың ішінде егін шаруашылығы мен ұсақ кәсіпшіліктер, сауда қатынастарының дамуына едәуір ықпал жасады. Қол өнері мен кәсіпшілік дамыды, соғыста қолға түскен тұтқындар да жұмыс істеді. Саудаға шығыс түркістандықтар белсенділік танытты . Хандықта билеушілердің сатылы бағыныштық тәртібі орнатылды. Билеушілер тобы ұлы тайшылар, кіші тайшылар, зайсандар, жоғары ламалардан тұрды. Ұлы тайшылар және кіші тайшылар көшпелі тайпалардың мал жайлымдарын, жоғары ламалар ғибадатханаларға тиесілі жерлерді иеленді. Зайсандар тайшыларға бағынды. Төменгі әлеуметтік топтар «араттар» деп аталды. Олар екіге бөлінді: албату– билеушілерге және шабинарлар – діндарларға тәуелділер. Албатулар жоңғар әскерінің негізін құрады, шабинарлар әскери қызметтен босатылды. Хандықтағы жоғары билікті хандар жүргізді. Хан лауазымы «қонтайшы» деп аталды. Хандықты құрған негізгі тайпалардан ұлы тайшылар шықты, кейін қосылған тайпалардың билеушілері – кіші тайшылар болды. Ең шағын әлеуметтік бірлестік – «хотон» деп аталды. Хотонның құрамына төрттен елуге дейін отбасы кірді. Бірнеше хотон аймақты немесе отоқты құрады. Мемлекеттік шенеуніктер он екі дәрежеге бөлініп, әрқайсысының атқаратын қызметі анықталды. Сот билігін атқарушылар « зорго» деп аталды, ең беделді сегіз зорго министрлер қызметін атқарды. ХVIII ғасырларға қарай Жоңғар хандығындағы адам саны 1 миллионға жетті. Әскерді басқаруда бұрынғы Шыңғыс хан кезінде қалыптасқан жүйе сақталып, өте қатаң тәртіп енгізілді. Сыртқы саясатта Жоңғар хандығы Цин империясымен әр кез соғыстар жүргізіп отырды. Бұл саясат хандық жойылғанға дейін тоқталған жоқ. Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар хандығында тақ үшін талас-тартыс басталды. Осы жағдайды пайдаланған Цин империясы 1755-1757 жж. бірнеше дүркін шабуылдар жасап, Жоңғар хандығын талқандады. Бұл соғыс әрекеттеріне ойраттарға туыс болып саналатын Шығыс Моңғолияның халха тайпалары белсене қатысты. Цин империясының басқыншылығына қарсы шыққан Қалдан Сереннің баласы Әмірсана бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырады. Цин әскерлері көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыды. Бұл зұлматтан кейін «Жоңғар хандығы», «ойрат халқы» деген ұғымдар тарих бетінен жойылып кетті. Моңғолдар ойраттарды «жоңғар» деп атаған, түркі тіліндегі әдебиеттегі және қазақтар арасында ойраттар – «қалмақ» деп аталып кетті.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»
1722 жылы Цин богдыханы Канси қайтыс болады. Қытай мен Жоңғар хандығы арасындағы соғыс әрекеттері тоқтап, уақытша бітімге келеді. Қытай қолбасшылары жаңа тактикаға көшеді. Ойраттарға тұрып жатқан елді мекендерінен, жерлерінен батысқа көшуді ұсынады. Бұл ұсыныстың түпкі мақсаты – соғыс майданын қазақ жеріне аудару болды.
Алғашқы Ресей императоры « Восточный вопрос» Петра Первого» («Шығыс мәселесі» ) аталатын еңбегін қалдырып кетті. Әлі күнге дейін Ресей билеушілері сол Петр патшаның еңбегіне табынып, бас иеді. Бұл еңбек бойынша алыс перспективада Ресей шекарасы Үнді мұхитына шығу керек, бергі ұзақмерзімді жоспар бойынша Орталық Азияны отарлауы тиіс еді. Бұл саясатты іске асыру барысында Ресей үкіметі әйгілі «политика кнута и пряника» тәсілін қолдана білді. Бір жағынан Орталық Азия мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарда болып, шен-шекпен таратты. Екінші жағынан қорқытып-үркітумен айналысты, пайда болған шиеленістерді қоздырып, билеуші топтардың арасына іріткі салды. Алпауыт елдердің агентурасы Орталық Азия кеңістігінде белсене қызмет етті, ойша бұл үлкен аумақты бөліске салып та қойған. Орталық Азияны бағындыру мақсатымен 1717 жылы Бекович-Черкасскийдің бірінші әскери экспедициясы ұйымдастырылды. Бұл экспедиция Ресей үшін сәтсіз аяқталды. Генерал Бухгольцтың басқаруымен болған екінші экспедиция Ертіс өзені бойымен Өскеменге дейін жетеді. Бұл экспедиция да жергілікті қазақтардан жеңіліп, жарты әскерінен айрылып кері қайтады. Одан әрі де орыс патшалары «Шығыс жоспарын» іске асыру үшін жорықтарын үдете түсті. Сонымен қатар шекаралық аймақтарда тұрып жатқан казактарды, башқұрттарды, құба қалмақтарды (торғауыттарды) қазақтарға айдап салумен болды. Әсіресе Кіші жүздің рулары өздерін қауіпсіз сезінбей, үрейде, ұдайы қорқынышта болатын. Алтын Орда кеңістігін отарлауға белсене кіріскен Ресей империясы Орталық Азияны ағылшындардан бұрын бағындырып алуға тырысты. Ол үшін белгілі «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанды. Ресей Жоңғар хандығының соғыс әрекеттерін әрқашан қолдап тұрды. Жоңғар қонтайшылары еуропа үлгісіндегі қаруды Кузнецк қаласы арқылы Ресейден алып тұрды. Ресейге тұтқынға түскен швед зеңбірекші офицері Иоган Густав Ренаттың Жоңғар хандығында пайда болуында да бір сыр бар. Болат ханның дәрменсіздігінен, көршілес елдердің насихатының кесірінен Қазақ Хандығы ыдырап бара жатқан кез еді. Көршілес елдердің кеңесімен әр жүз жеке дара тәуелсіз ел болуды қалап, бір орталыққа бағынғысы келмеді.
Дайындықпен келген жоңғар әскерлері 1723 жылы жайбарақат жатқан қазақ жеріне басып кіреді. Өз жорығын Севан Равдан дала халықтарын біріктірудің қажеттілігімен ақтады. Шашырап жатқан қазақ әскерлері қалың жоңғар қолына тойтарыс бере алмады. Қазақ жауынгерлері шегініп, қорғаныс соғыстарын жүргізді. Олар әйелдерді, балаларды, қарттарды жаудың өкшелеп қууынан құтқару үшін қырғын соғыс салды. Қазақтар қандай ерлік көрсетсе де, жоңғарлар Ташкент, Сайрам, Түркістан қалаларын басып алады. Жойқын соғыс қимылдардың нәтижесінде, жоңғарлардың білтелі мылтығына, зеңбіріктеріне қарсы тұра алмай, шамалы қазақ жасақтары жеңіліс тауып, батысқа, таулы, шөлейт жерлерге ығысуға мәжбүр болады. Қазақтардың едәуір бөлігі Орта Азия мемлекеттерінің аумағына қарай ойысты. Сырдария өзенінен өтіп кеткен Орта жүз руларының көпшілігі Самарқанд қаласының төңірегіне, Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарына көшіп кетті. Далалықтардың көші-қон бағдарламаларының быт-шыты шықты. Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетісудағы және Қазақстанның Оңтүстік аймақтарындағы бір кезде гүлденіп тұратын жасыл жазиралар енді қараусыз қаңырап бос жатты. Көршілес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзіліп қалды. Жарты қазақ қырғынға ұшырады. Тірі қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым-салық төлеп тұрды. Қазақ хандығының халқы елдің әр алыс аймақтарына, тіпті шет мемлекеттерге де тарап, босып кетті. Бұл жылдарды (1723-1726 жж.) тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атайды. Тек 1726 жылы Қазақ хандығының хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға қарсы күресті қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Қазақ халқының үш жүзінің әскери күшін топтастыруда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер үлкен рөл атқарды. Болат хан, үш жүздің хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері мен батырларының, сұлтандарының басы қосылып, Ордабасында өткен жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшылыққа тағайындалып, жауға қарсы жаңа стратегиялық шабуыл ұйымдастыру келісіледі. Бұланты–Білеуті өзендері аралығындағы жазықта болған жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ жасақтары жау әскеріне күйрете соққы береді. Қазақ жасақтары құрамында қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, түркімендер де ерлікпен шайқасты. 1728 жылдан бастап жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте түбірлі бетбұрыс жасаған Итішпес көлінің маңындары ауыр шайқас болды. Аңырақай шайқасы – 1729–30 жылдары болған біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық соғысына бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Солтүстігі Балхаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейін аралықты «Аңырақай өңірі» деп аталады. Осы өңірде 40–45 күнге созылған қанды шайқаста қазақтың біріккен әскері жоңғарларды күйрете жеңеді. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, қаракерей Қабанбай, кіші жүзді тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Бұл шайқаста талай батыр жекпе-жекке шығып, көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған жоңғарлар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Әскерінің негізінен, қолбасшылары мен батырларынан айрылған жоңғарларға жаулап алған жерлерді ұстап тұру деген ойдан гөрі, қара бастарын сауғалау уайым болды. Соңғы жеңістер нүктесін Абылай хан 1738–1741 жылдары қойды.
Ресей үшін «Шығыс жоспарының» шешілуі
Ресей көрші жатқан екі көшпелі мемлекеттердің, екі туыстас халықтардың өзара шайқаста әбден әлсіреп, қансырағанын күтті. Аңырақай шайқасы қазақ тарихында ұлы жеңіс саналғанымен, Қазақ хандығының біртұтастығының соңы болды. Шайқастарда ауыр жарақат алған Болат хан қайтады. Қазақ ішінде таққа талас басталады. Көпшіліктің шешімімен қазақтың ханы болып Болат ханның баласы жас Әбілмәмбет сайланады. Бұған наразы болған қаһарман қолбасшымыз Әбілқайыр майдан даласын тастап, кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетеді. Көп кешікпей Ресеймен бұрыннан жүріп жатқан келіссөздерін аяқтап, 1731 жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан Ресей империясының қол астына өту туралы ант қабылдады. Әбілқайырдың соңынан Орта жүздің ханы Сәмеке әскерін алып, солтүстікке кетті. Ресейдің күткені өзінен–өзі орындала бастады: 1740 жылы Орынборда Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Ресейдің қол астына өту туралы құжатқа қолдарын қойды. Ресей Қазақстанды форпосттар, қамалдар, әскери шептер құру арқылы отарлады. Қазақтың сулы, нулы, шұрайлы жерлері тартып алынып, казактар, орыс переселендері, қылмыскерлер қоныстандырылды. Шарт бойынша Орынбор қаласынан қазақтарды, башқұрттарды, құба қалмақтарды билеймін деп үміттенген Әбілқайыр хан алданғанын кеш түсінді. Орынбор Ресейдің Орталық Азияны отарлау саясатының бастапқы сатысы болып шықты. 1748 жылы Орынбордың губернаторы И. Неплюевтің тапсырысымен Әбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. 1757 жылы Абылай мен Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейіз хан Бежин қаласындағы Қытайдың императорына барып, Қытайға қарап тұрмақ болып, «ван» атанып келді. Мағынасы: қазақты ішінен өзі билеп, Қытайға бағынышты болу. Ресейге төлейтін салықтан басқа, Қытайға да салық ретінде 100 жылқыдан 1 жылқы, 1000 қойдан 1 қой беретін болып қайтты. Бұдан кейін Ресей әскери қимылдарын белсенділетіп, 1864 жылы Түркістан, Шымкент, Ташкент қалаларын басып алды. 1765 жылы Сібір шекара командашы генерал-поручик И. Шпингер Ертістің далалық бетінде ені 10 шақырым келетін алқап белгілеп, ол аймаққа қазақтарды жолатпауға бұйрық берді. Одан әрі ата қонысына өтіп барған қазақтар жер ақысына орысқа қосымша мал төлейтін болды. Қазақтардың Ресей әскери бекіністеріне 30 шақырымнан жақын баруына тыйым салынды. Дүркін-дүркін шабуылдардан кейін 1867 жылы Ресей қалың қолмен Қоқан хандығын бағындырды. 1868 жылы генерал Кауфман басқарған әскер Бұхара әмірлігін бағындырады, 1873 жылы Хиуа хандығын Ресейге қаратады.
Бұл аласапыран жоңғар- қазақ соғыстарының кімге керек болғанын жоғарыда аталған тарихи оқиғалардан анықтауға болады. Қазақ-жоңғар соғысын негізгі нәтижесі Қытай мен Ресейдің пайдасына шешілді. Өзара соғыспен қансыраған, әлсіреген елдерді жұта салу Қытай мен Ресейге қиындыққа соқпады. Қытайдың құрамына Жоңғария хандығының жері, Шығыс Түркістан өтті. Ресей бүкіл Орталық Азияға ие болды. Екі алпауыт держава бес хандықты жойып, жергілікті халықтардың пікірімен санаспай, өзара шекара қойып тынды. Заманында әлемді дүрліктірген Шыңғыс хан империясының соңғы ошақтары тәуелсіздігінен айрылып, алпауыт елдердің отарларына айналды. Біртіндеп «Қазақ хандығы» этнонимі жойылды. «Киіз туырлықты», тұрмысы, салт-дәстүрі, тілі қазақтарға ұқсас ойрат халқы тарих бетінен өшті.
Марат Барманқұлов. Хрустальные мечты тюрков о квадронации. Жоңғарияны 1757-58 жылдары құртқан Қытай.
Қазақтар мен ойраттардың арасындағы күрделі қатынастарға жойқын араласқан – қытайлықтар. Қытайда билікке келген манчжурлардың Цин әулеті бұрын билікте болған моңғолдардың Юань әулеті қалдырған ізін толығымен жоюға кіріседі. Қытай 1757-58 жж. Жоңғарияға үлкен әскер жібереді. Әскер жоңғарлардың қалған шашыранды жасақтарын құртумен бірге бүкіл ойрат халқын құртуға кіріседі. Қалдан Сереннің баласы Әмірсана шамалы қолмен қытай әскерлеріне қарсы шығады. Қытай бұл жағдайды пайдаланып, жүздеген мың ойраттарды қырады, балалар мен әйелдерге де аяушылық білдірмейді. Жоңғария мемлекет ретінде жер бетінен жойылып кетеді. Тірі қалған жоңғарлар Қазақстанға қашады. Жетісуда олардың қалған ұрпақтары өздерін «қазақпыз» деп атайды. Ата -бабалары жоңғардан басталатын ұрпақтар қытайдың зұлмат саясатын еске алғанда, әлі күнге дейін шошынады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан ықшамдалынып алынған. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Қалмақ һәм телеуіт
Қалмақтың кім екенін анықтау үшін Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріне сүйенейік. Қалмақ һәм телеуіт: «... сол қалмақтар – біздің қазақпен жақын тұқымдас ел. Қалмақ деген «қалған» деген сөзден... Оның рулары – арғын, найман, қыпшақ, керейт, меркіт, ..., сақал, қырғыз, моңғол, сарт. Тілдері ескі түрікше, бірақ моңғолға көп қарағандықтан, моғол тілі қосылған». Мында «қалған» деген сөзді ислам дінінен алшақ қалған деп түсіну керек. Біздің арғы бабаларымыз моңғол-татарлар Тәңірге сыйынған. Бергі заманда көпшілігі (түркілер) ислам дінін қабылдады, екінші бөлігі (моңғолдар) буддизмнің ламаизм тармағына кірді. Дін қабылдау барысында тіл мен діннің өзгеру үрдісін кемпірқосақ түстерінің өзгеруімен салыстыруға болады. Кейбір рулар мен тайпаларда тәңіршілдік, ламаизм, ислам араласып кеткен.
Төле бидің «Сабалақ» атты түйешісі болып жүрген Әбілмәнсүр өз туыстарын тауып, орта жүздің ханы Әбілмәмбеттің сенімді батыры болады. Жауға «Абылайлап» шабуылға шығатын болғандықтан, Абылай сұлтан атанып кетіпті. Нақтылап айтқанда Абылай – Әбілмәнсүрдің атасының есімі. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Ташкентті билеп тұрған қалмақтың ханы Қалдан Сереннің арасында жер дауы туындайды. Бұл дауды шешу үшін екі шеп майдан даласында кездеседі: бір жағында – қазақтар, қарсы шепте – ойраттар. Екі қарсылас жақтардың абыздары өзара ақылдасып, мәмлеге келеді: «Босқа қан төкпейік. Екі жақтан жекпе-жекке екі батыр шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, даулы жер соның пайдасына шешілсін». Қазақтардан жекпе-жекке Абылай сұлтан, ойраттардан Қалдан Сереннің жиені Шарыш батыр шығады. Уәде – уәде. Жекпе-жекте Абылай жеңіп, Шарыштың басын алады. Жер мәселесі қазақтардың пайдасына шешіліп, қарсылас жақтар өз қорымдарына шайқассыз тарқасады. Жанжал әділ шешілгенмен Қалдан ханның көңілінде Абылайға деген кек қалады. Қалдан Абылайды аңдып, бір саят құрып жүрген кезінде, ұйықтап жатқан жерінен тұтқындап алады. Бұл жағдай қазақтарды қатты алаңдатады. Үш жүздің өңкей жақсыларынан құрылған топ сый-сияпатымен Қалдан ханға Абылайды тұтқыннан босатуын сұрап барады. Келіссөздерден кейін ойрат ханы көпшілікті жинап, Абылайға: «Мен сені Шарыш сықылды батырдың орнына өлтіремін, не арманың бар, айт», – депті. Сонда Абылай:
– Тақсыр, менің үш арманым бар. Әуелі, мен Шарышты қазақ пен қалмақтың қан майданында өлтірдім. Сіз мені ұйқыда ұстап алып өлтіргелі отырсыз. Қазақ пен қалмақтың хан майданында өлсем, арманым жоқ еді. Екінші арманым – қазақ орнықпай жүрген ел еді. Бір жерге орнықтырып, отырықты өмірге кіргізіп өлсем, армансыз едім. Үшінші– төрт атадан бері жалғыз едім. Осы күнде өліп кетсем не бала, не бауырым жоқ, дүниеге келмегендей боламын ғой.
Қалдан хан төменге қарап отырыпты да қасындағы уәзіріне: « Мынаның сөзінің бәрі рас. Әсіресе, соңғы сөзін қарашы. Мен де төрт атадан бері жалғыз едім. Осы күнгі жалғыз балам – Әмірсана өліп кетсе, мен де тұқымсыз кеткенім-дағы.
Абылай: «Алдияр!» – деп қол қусырып, түрегеліпті. Қалдан хан:
– Сен неге «Алдияр» дедің, мен сені өлімнен босаттым ба? Абылай:
– Тақсыр, балаңызға ұқсатқаныңыз, босатқаныңыз ғой.
Қалдан Серен Абылайдың сөзіне риза болып, Әмірсана екеуін анда қылып, Абылайды тұтқыннан босатыпты. Абылайды сұрап келген қазақтың жақсыларына сый беріп, Абылайға өз нәсілінен Күндебауыр деген жетім қызды беріпті. Күндебауыр деген «Үзілмес достық» – дегені. Күндебауырдың шын аты Топыш болатын. Топыш – Қалдан ханның жақын туысы Хошу Мерген ноянның қызы еді. Өмірін Ресей отаршылдығына қарсы күреске сарп еткен Қасым сұлтан Абылайдың Топыштан туған баласы, Кенесары хан –Топыштың немересі.
Топыштың бір кішкене інісі апасынан қалмай, жылаған соң, оны да Абылайға беріп, өз бауырыңдай көр деп тапсырған екен. Абылай оның атын Махмұд қойыпты, ал біздің қазақ Мәмбет дейді. Осы күнде Мәмбетей-Мотыш ішіндегі Шыңғысхан, Семейхан төрелер соның ұрпақтары.
Қалданның Абылайды босатқаны 1743 жыл еді. Сонда Абылайдан Қалдан хан үш сөз сұрапты.
Бірі: «Еліңде қой көп бола ма?» –депті. Абылай: «Көп» десе, «Қойшы– өтірікші, қой– ұры» деген сөз бар еді. «Елінің жанжалы басылмас»,– депті.
Екінші сөзі: «Еліңде сиыр, жылқы көп пе?» – деп сұрапты. Абылай: «Көп», – десе, « Еңбексіз сүт пен қымыз ішіп, ет жеп, балалары ақымақ туады десеңші», –депті.
Үшіншісі: «Елің егін сала ма?» – деген екен. «Салмайды» –депті. «Олай болса, жер емшегін ембеген ел әлі де болса неше аударылып, қозғалып, жуырда орнықпас», – депті.
1745 жылы Қалдан хан өлген соң қалмақтар таққа таласып, өз ішінен бүлінеді. Бұл бүлікті күтіп жүрген қытайлар қалмақты шауып, быт-шыт қылып, тоздырып жіберіпті.
Қалдан Сереннің жалғыз баласы Әмірсананың шешесі Қытайдың Ежин ханының қызы еді. Биліксіз қалған Жоңғар хандығын, елін, халқын қырып жатқан Қытайдың әрекеттеріне шыдай алмаған Әмірсана шамалы жақтастарының басын біріктіріп, шапқыншыларға қарсы көтеріліске шығады. Бірде Әмірсана Қытайдың әскерінен қашып, Абылайға келеді. Абылай Қытай әскері келіп қалама деп, үш мың кісімен жер шола барып, қуғыншылармен Аягөз өзенінде жолығыпты. «Не қылып жүрсіңдер», – десе, «Әмірсана сенде, соны бермесең, қазақты шабамыз», – депті қытайлар. Абылай не қыларын білмей, Әмірсананы үш күнге дейін тауып бермек болып, қайтып кетеді.
Сонда Әмірсана айтыпты: «Мені жоқ десең, қытайлар еліңді шабады. Мені Қытайға бер, бірақ екі сөз айтайын, әуелі, мені алдым деп хат берсін. Соған тоқсан жақсы кісінің бармағын сиялап, мөр орнына басқызып ал, мөрден танар болса да, қол сызығынан тана алмас. Екінші, мен де хан баласымын және Ежиннің жиенімін ғой, өз алдына алып барғанша байламай, күзетіп бос алып бар деп тілек қыл»,– деді. Абылай Әмірсананың айтқанын қылды да, Қытайға берді. Былай шыққан соң, үш күн өтпей, Әмірсана бір тұман күні қашып кетіп және Абылайға келген соң, Абылай ұстап тұра алмай, орыстың Екатерина II патшасына жіберіпті. Қытайлар қайта келіп сұраса, Абылай: «Өздеріңе бергенмін»,– деген соң қайтып кетіпті. Кейін мынандай лақап тарады: Орыс патшасы Әмірсанаға қалған қалмақтарды қаратып ал деп, көп әскер жіберіпті. Бірақ, Әмірсана жолда белгісіз дертке шалдығып, қайтыс болыпты. Бұл қысқа ғана өмір сүрген Жоңғар хандығының қонтайшылар әулетінің соңы еді.
Кейбір тарихшылар қазақ пен қалмақ бір-бірімен 450 жыл соғысыпты деп жазады. Бұл – шындыққа жанаспайтын аңыз. Қазақ хандығының дәуірлеу кезінің өзінде, Қасым ханның заманында, Қазақстан халықының саны 1 миллиондай ғана болған. Елге жұт келсе де, ел ішінде тұмау жүрсе де, малға аусыл тисе де – бәрін жоңғардан көру әділдікке жатпайды. Жаудың бәрін жоңғар атау – қиянат. Тәуелсіздікке жеткенімізге ширек ғасыр болды. Біз әлі қызыл империяның идеологтарының тапсырысымен жазылған тарихты қолданып жүрміз. Келешекте оңтайлы саясат ұстану үшін ақиқатты аңыздан аршу мезгілі жетті. Тарих беттерін қайтадан парақтап, сыни көзбен зерделеу, болған оқиғаларды жаңаша пайымдау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазақ-ойрат қатынастарын саралау – өте қиын іс, өйткені мында оппонент жоқ.
Амангелді Елтін, 2017 жыл тамыз айы. Павлодар қ.